
Жаз – демалыс айы. Осы уақытта сұлу табиғатты тамашалап қана қоймай ежелгі монастырларды аралауға да болады. КЖА христиандар үшін қасиетті әрі демалуға болатын мекендер тізімін жасады.
Грекиядағы «Әйелдер Афоны»
Дереккөз: mountathosinfos.gr
Грекиядағы Халкидики шипажайы өзінің мөлдір таза жағажайымен ерекшеленеді. Туристер теңіз жағасында демала отырып, теңіз тағамдарынан дайындалған дәстүрлі тамақтардан дәм тата алады, ал қонақ үйлеріндегі сапалы қызмет ең кірпияз деген адамның да көңілін табады. Яхтадағы саяхат, виндсерфинг, дайвинг – осы жерде жасауға болатын істердің бір бөлігі ғана.
Халкидики түбегінде атақты Афон тауы орналасқан. Ол жақта IV ғасырдан бастап православиелік ерлер монастырлары орын тепкен. Қазіргі таңда олардың саны – 700. Афонға әйелдерге келуге болмайды, қасиетті орын тек ерлер үшін ғана есігін айқара ашады.
Дереккөз: pixabay.com
Ал нәзік жандылар Суроти ауылындағы Иоанн Богослов монастырына келе алады. Бұл мекен «әйелдер Афоны» деп те аталады. Мұнда монах әйелдер қасиетті таудағы ең қатаң ережелерге сәйкес өмір сүреді: күндерін тыныштықта, жалғыздықта және үздіксіз құлшылықта өткізеді. Бұл жаққа мыңдаған адам монастырьдың негізін қалаушы Паисий Святогорецтің зиратына келеді. Ол тек Грекияда ғана емес, бүкіл православие әлемі үшін де құрметті. Монастырға аптасына төрт рет бірнеше сағатқа ғана келуге болады. Афон дәстүрі бойынша келушілерге рахат-лукум беріледі.
Ресейдегі Дивеевский монастыры
Дереккөз: Дивеев монастырының ресми сайты
Ресми түрде «Әулие Троица Серафимо-Дивеевский монастыры» деп аталатын Дивеевский монастыры XVIII ғасырдың соңында құрылды.
Оның негізін Александра Дивеевская қалады, ол осы жерде шіркеу құрылысын бастаған. Кейінірек монастырь ең ұлы орыс әулиелерінің бірі болып саналатын Серафим Саровскийдің арқасында танымал болды.
Дивеево Әулие Серафим Саровскийдің сөзімен айтқанда, жердегі Құдай Анасының "төртінші мекені" деп аталады. Богородицаның алғашқы үш мекені – Иверия (Грузия), Афон (Грекия) және Киев-Печерск Лаврасы (Украина). Дивеево Богородица өзінің рақымы мен қамқорлығын көрсеткен төртінші ерекше орынға айналды.
Дереккөз: vk.com,goldenhohloma
Монастырь танымал туристік мекен Нижний Новгород облысында орналасқан. Туристер осы өңірдің табиғатын тамашалайды, Болдиндегі Пушкин музейіне барады. Дәл осы жерде ұлы ақын «Белкин повесін» жазып, «Евгений Онегин» романын жазып аяқтаған. Сонымен қатар, Нижний Новгородтан 60 шақырым жерде халық қолөнерінің дәстүрлері – Хохлома кескіндемесі сақталатын зауыт орналасқан. Ол жаққа да бас сұғуға болады.
Израильдегі Иерусалим
Дереккөз: Википедия
Иерусалим – христиандардың маңызды орталығы. Мұнда жыл сайын мыңдаған құлшылық жасаушылар ғибадатханаларға табынуға және Иисус Христің өмірімен байланысты жерлермен рухани бірлікті сезінуге келеді. Қаладағы кем дегенде төрт орын міндетті түрде баруға тұрарлық:
- Қасиетті қабір ғибадатханасы: барлық христиан үшін орталық орын. Бұл жерде Иисус айқышқа шегеленген Голгофа бар, Иисустың табытының өзі оның жерленген және қайта тірілген жері. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келген құлшылық жасаушылар ұмтылатын ғибадатхана;
- Әулие Мария Магдалена шіркеуі: Елеон тауының баурайында орналасқан бұл шіркеу өзінің алтын күмбездерімен және ерекше сәулетімен танымал. Мұнда Мария Магдаленаның Апостолдық жәдігерлері сақталған;
- Гефсиман бағы: Иисус қамауға алынғанға дейін болған мекен. Бұл бақта ежелгі зәйтүндер өседі, олардың жасы екі мың жылға жетеді деп саналады. Мұнда барлық ұлттың шіркеуі бар.
- Қасиетті Крест монастыры: VI ғасырда құрылған ең көне монастырлардың бірі. Мұнда аңыз бойынша Иисустың кресті жасалған ағаш өскен.
Дереккөз: tripadvisor.ru
Қаладан шамамен 30 шақырым жерде Өлі теңіз жағажайларында демалуға болады. Өлі теңіз суы тұздар мен минералдардың жоғары құрамымен танымал, осының арқасында емдік қасиетке ие болып саналады. Иерусалимнен бір сағаттық жерде, Тель-Авив аймағында Жерорта теңізінің жағажайлары орналасқан. Олардың көпшілігі тазалық пен экологиялық қауіпсіздік марапаттарына ие болды, соның ішінде халықаралық жағажайлар сапасын анықтайтын "Көк жалау" сертификаты да бар.
Армениядағы Севанаванк монастыры
Дереккөз: pixabay.com
Севанаванк монастыры Арменияның Гегаркуник аймағындағы аттас Севан көлінің түбегінде орналасқан. IX ғасырда монастырь құрылды. Қазіргі таңда төрт шіркеудің екеуі сақталған: Аракелоц Сурбасы (Қасиетті Апостол) және Аствацацин Сурбасы (Әулие Богородица). Олар көптеген соғыстар мен вандалдардың шабуылдарынан, арабтардың шапқыншылығынан және кеңестік атеизмнен аман қалды, шіркеулердің бірі бөлшектеліп, санаторий тұрғызу кезінде оның ғасырлар бойы сақталған құрылыс блоктары қолданылған.
Монастырь аумағында сіз кресттері мен ою-өрнектері бар тас тақталар хачкарларды көре аласыз. Олар армян мәдени және діни мұрасының маңызды бөлігі болып табылады. Бұл тас кресттер армян халқының терең діни сенімін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар ерекше өнер туындыларын ұсынады.
Дереккөз: pixabay.com
Монастырь Севан көлінде шамамен 2000 метр биіктікте орналасқан. Құлшылық жасаушылар қасиетті жерге барып қана қоймай, оны қоршаған Кавказ тауларын тамашалап, көлдің өзінде жүзе алады: ең жақын жағажай монастырь қабырғаларының астында орналасқан.
Севан көлі аймақтың ерекше флорасы мен фаунасын қорғайтын ұлттық саябақтар мен табиғи қорықтармен қоршалған. Саяхатшылар эко-турларды тамашалай алады, құстарға тамсанып, әдемі табиғатта серуендей алады.