
2024 жылдың 23 қаңтарында Алматыда жер сілкінісі болды. Тұрғындар мен қала қонақтары бұндай өзгеріске дайын болған жоқ, өйткені, табиғат апаты айтып келмейді.
Жер сілкінісі салдарынан 8 адам зардап шеккен. Барлығы қалалық стационарларға жеткізілген. Оның ішінде үш адам 2, 3 қабаттардан секіріп кеткен, оның екеуі тексерістен соң амбулаториялық емге жіберілсе, үшінші адамның жағдайы ауыр болғандықтан ол ауруханаға жатқызылған. Ал бес адам үйлерінен қашам деп жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілген соң олар амбулаториялық емге жіберілді.
Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Құтқарушылардың сөзінше, жер сілкінісі кезінде ғимарат ішінен шығып кету керек (15-20 секундтың ішінде).
«Егер жоғары қабатта тұрсаңыз, кіре беріс есіктің қасында, бұрышта тұрыңыз, балаларды өзіңізге қарай қысып құшақтап алыңыз. Ешқашан терезеге жақындамаңыз, тезере мен балкондардан секірмеңіз. Ғимарат, құрылыс, мұнара мен қоршаулардан әрі тұрыңыз, үйге кірмеңіз, лифтке мінбеңіз, сіріңке мен майшамдарды жақпаңыз, тоққа тиіспеңіз. Зардап шеккен жандарға көмек беріңіз», - дейді құтқарушылар.
Ең бастысы абыр-сабыр болмай жинақталу маңызды. Құтқарушылар тағы да мынадай кеңестерді қосты:
1. Жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты қолданбаңыз.
2. Жиһаз, терезе мен аспашамдардан әрі кетіңіз.
3. Сенімді, мықты орын табыңыз: өмір үшбұрышы деп аталатын бұрышқа тығылыңыз.
4. Жер сілкінісі басылған соң ғимарат ішінен шығыңыз.
5. Су, газ, элект желілерін ажыратыңыз.
6. Алдын ала дайындалған шабаданды өзіңізбен бірге алыңыз.
7. Ағаштан, электр желілерінен, ғимараттардан аулақ болыңыз.
8. Жер сілкінісінің қайталануына дайын болыңыз.
9. Мүмкіндігі шектеулі, қарт адамдарға көмек беріңіз.
Алматыда жер сілкінісі болатынын болжағандар
Көріпкелдер мен балгерлер оңтүстік астанада жер сілкінісі болатынын болжады. Желіде белгісіз ер адамның видеосы тарап, ол қаңтар айының 15-і күні жойқын жер сілкінісі болатынын болжады.
«Мен көріпкелдік қабілетімді жаттықтырып жүрмін, болашақты болжау дарыным жақсы дамыған. 15 қаңтар күні жойқын жер сілкінісі болатынын көрдім», - деген көріпкел ер адам күнінен жаңылысқаны болмаса, қаңтар айында жер сілкінетінін дәл тапқан сыңайлы.
Кейбір алматылықтардың басы ауырған
Кейбір алматылықтар 22 қаңтар күні басы ауырып, құлағы шыңылдағанын желіде жарыса жазуда. Дәрігерлердің сөзінше, жер сілкінісі кезінде адамның вегетативті жүйке жүйесі іске қосылады. Соның әсерінен жүрегі қатты соғады. Неврологтардың пікірінше, барлық адам жер сілкінісі жақындап келе жатқанын сезбейді, тек сезімтал жандар ғана жер сілкінісінің белгілерін сезінеді. Көбіне жер сілкінгенде адамдар не қашып кетеді, не орнында қатып тұрып қалады.
Жер сілкінісі кезінде алып шығатын шабадан
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті шабадан ішіне (тревожный чемодан) мына заттар салынуы керек дейді:
Құжаттар. Жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке куәлігі, шетелге шығу құжаты.
Ақша. Банк карточкасы мен қолма-қол ақшаны да алу керек.
Су. Отбасының әр мүшесі үшін кем дегенде 2 литр су керек. Суды пластикалық құтыға құйып алыңыз.
Тамақ. Тәтті батондар мен консервілер алған дұрыс. Сақталу мерзімі жоғары тамақтар алыңыз.
Жеке гигиена құралдары: сабын, дәретхана қағазы, ылғалды салфеткалар, антисептикалық гель.
Жылы киім мен жамылғы. Синтетикалық матадан тігілген бұйымдар алған дұрыс, өйткені олар жеңіл әрі көп орын алмайды.
Сіріңке. Суға төзімді сіріңке болғаны жөн.
Радиоқабыдағыш. Телефон желісі істен шыққан жағдайда радиоқабылдағыш көмекке келеді.
Батареямен істейтін майшам. Электр желісі істен шыққанда керек болады.
Ысқырық. Құтқарушыларға белгі беру үшін керек.
Дәріхана қорабы. Ең қажет деген дәрілерді салыңыз.
Фото: novastan.org: UGC