Алматылық оқушылар Ресейдің танымал жазушыларымен кездесті | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Алматылық оқушылар Ресейдің танымал жазушыларымен кездесті

45
6 минут
Алматылық оқушылар Ресейдің танымал жазушыларымен кездесті
Алматыда «Ұлы Жібек жолымен – 2024» XII халықаралық кітап және баспа көрмесі өтті. Аталған шара жыл өткен сайын көбірек адамдардың қызығушылығын оятып, индустрияның дамуына атсалысып келеді. Әсіресе, қазақстандық оқушылар үшін мереке іспетті болды: олар жазушылармен танымдық кездесулер өткізді.

Алматыда кітап және полиграфия көрмесі 12-ші рет өтіп жатыр. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясының және Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған. Көрмеге Қазақстан, Германия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Иран елдерінің жазушылары, баспагерлері, полиграфиялық компаниялары мен кітапханалары қатысуда.

Көрменің мақсаты – заманауи кітаптарды насихаттау, кітап саласын нығайту, нарық қатысушылары арасында тәжірибе алмасу және отандық өндірушілерді ұлттық кітап нарығында қолдау.

Сонымен қатар, жәрмеңкедегі Ресей павильоны жетекші баспалардың кітаптарын ғана емес, сонымен бірге ақындар мен прозашылардың шығармашылық кездесулерін, бестселлерлер мен жаңа кітаптардың тұсаукесерлерін қамтитын бағдарлама дайындады. Келген жазушылар алматылық мектептерге барып, оқушылармен кездесті.

«Әрбір кітап – жаңа әлемнің есігін ашатын кілт. Мұнда, сөрелер мен витриналар арасында, жазушылардың, философтардың, ақындардың дауыстары қайта тірілгендей, олар біздің дана ұстазымыз болуға дайын», – деп атап өтті Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Дмитрий Тураев өзінің құттықтау сөзінде.

Танымал балалар жазушысы Анна Гончарова қазақстандық оқушылармен кездесуден алған әсерін былай жеткізді:

«Екі ел арасындағы достықтың болғаны үшін қуаныштымын. Менімен кездесуге балаларын ертіп келгендер болды. Кездесу басталмас бұрын мені арнайы күткен. Екі мектепке бардым, балалар керемет, ұстаздар да өте мейірімді, белсенді, шығармашыл. Тарихты кім айтады? Тек жазушылар емес, өзіміз де айтамыз», - деді ол.

Жас буын әдебиетке қызықпайды деген пікір бар, алайда оқушылар кездесуде белсенділік танытып, терең ойларымен таңғалдырды. Әр кездесу жағымды атмосферада өтті. Балалар сұрақтар қойып, әдебиет әлеміне үлкен қызығушылық танытты.

Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектепте танымал ресейлік жазушы, балалар кітаптарының авторы Майя Лазаренскаямен шығармашылық кездесу өтті.

Жас оқырмандар мен шытырман оқиғаларды сүйетіндер жазушымен бірге Әдебиет әлеміне еніп, өздерін нағыз детективте жүргендей сезінді, көкөніс бағдаршамдары туралы қызықты жаңа деректер білді және «Күлкі жинақ сандығын» ашты. Оқушылар жазушыға үлкен қызығушылықпен сұрақтар қойып, месье Трюфель мен Брюм есімді иттің кейіпкерлері бейнеленген жұмсақ ойыншықтармен танысудан ерекше әсер алды.

Кездесу соңында Майя Лазаренская мектепке өз кітаптарын сыйға тартты.

PhysTech School Almaty оқушылары ресейлік жазушы, продюсер және режиссер Анна Шипиловамен кездесті.

Балалар жазушының сүйікті кітаптары туралы біліп, оқуға арналған кітаптарды таңдауға қатысты ұсыныстар алды. Жазушы өзінің «Скоро Москва» атты жинағы туралы айтып берді.

Анна Шипиловамен шығармашылық кездесу Санкт-Петербургтің Кәсіподақтар гуманитарлық университетінде де өтті. Жазушы өзінің шығармашылық жолының басталуы туралы айтып, жеке тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ оқушыларға олимпиадалар мен байқауларға көбірек қатысуды ұсынды.

«Ұлттық бестселлер» және «НОС» сыйлықтарының лауреаты, танымал ресейлік жазушы, «Петровтар тұмауда және оның айналасында» кітабының авторы Алексей Сальников №165 мамандандырылған лицейдің қонағы болды. Ол 11-сынып оқушыларына жазушының шығармашылық зертханасы және өз кітаптарының кейіпкерлері туралы әңгімеледі.

Жоғары сынып оқушыларын қалалық фэнтези жанрының ерекшеліктері қызықтырды. Қызу пікірталас заманауи жазушылардың болашақта мектеп бағдарламасына ену мүмкіндігіне қатысты туындады. Алексей Сальников лицей оқушыларына жазудан қорықпауға кеңес берді.

Lakeview мектебінде танымал ресейлік автор және аудармашы Марина Боровицкаямен шығармашылық кездесу балалар үшін нағыз мерекеге айналды.

Оқушылар оның өлеңдерін, әдеби кейіпкерлер мен шабыт көздері туралы әңгімелерін ынтамен тыңдады. Іс-шараның интерактивті элементтері ерекше әсер қалдырды: Марина Яковлевна балаларды талқылауға шақырып, оларға сұрақтар қойды. Мұғалімдер бұл кездесудің балаларға жаңа білім бергенін және әдебиетке, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын оятқанын атап өтті. Марина Яковлевна жас қатысушыларды өз оқиғаларын жазуға шабыттандырып, арман мен өз күшіне сенудің маңыздылығын еске салды.

Lakeview мектебінде тағы бір ерекше шығармашылық кездесу өтті. Жоғары сынып оқушылары белгілі ресейлік жазушы, А. С. Пушкиннің шығармашылығын зерттеуші Надежда Кондаковамен жүздесті.

Оқушылар қонақтың әңгімелерін ынтамен тыңдап, ақынның өміріндегі белгілі фактілермен, достарымен және қарсыластарымен, әйелдермен және билікпен қарым-қатынастарымен танысты. Олар Пушкиннің мінезінің жаңа қырларын ашып, оның шығармаларынан үзінділер мен бала кезден таныс өлеңдерін қуана тыңдады. Кездесудің басты тақырыбы – Пушкин шығармашылығының бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағаны. Жас қазақстандықтардың Пушкиннің тұлғасы мен шығармашылығына шынайы қызығушылық танытқаны кездесу соңында да байқалды – олар уақыт аяқталғанына қарамастан, қонаққа сұрақтарын қоюмен болды.
  
Барлық кездесулер Алматыдағы Ресей үйі ұйымдастырған және олар XII Қазақстан халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде Ресей ұлттық стендінің қатысуына орай өтті.
  • Комментарии
Загрузка комментариев...