«Мажарстан исламдық сәулет өнерінің мұрасы» фотокөрмесі ашылды | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

«Мажарстан исламдық сәулет өнерінің мұрасы» фотокөрмесі ашылды

88
5 минут
 «Мажарстан исламдық сәулет өнерінің мұрасы» фотокөрмесі ашылды
Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Мажарстанның Бас Консулдығы бірлесіп «Мажарстан исламдық сәулет өнерінің мұрасы» фотокөрмесін ашты.

Фотокөрме келушілерді Мажарстанның 5 қаласында орналасқан Пеш (Печ), Сигетвар, Эгер, Шиклош қалалары мен Будапешттегі Мажарстанның аса маңызды исламдық сәулет өнері ескерткіштерімен – мешіттермен, мұнаралармен, түрбе-қабірханалармен және моншалармен таныстырады. Бұл ескерткіштер венгр тарихының 150 жылдық османдық кезеңін бейнелейді.

Салтанатты шараны ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова ашып: «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Мажарстанның Бас Консулдығы 15 жылдан бері музей жұмысының барлық бағыттары бойынша жемісті ынтымақтастық орнатып, көптеген ғылыми жобалар мен көрмелер ұйымдастырды. Соның нәтижесінде музей келушілері Қазақстан мен Мажарстанның тарихымен, мәдениетімен танысты. Аталған көрме де музей қонақтарының қызығушылығын оятып, Осман кезеңіндегі Мажарстан тарихының жаңа беттерін ашатынына сенімдімін», - деді.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Мажарстан елшілігінің Консулы Петер Шиклошу және Алматы қаласындағы Түркия Республикасы елшілігінің Бас Консулы Эврен Мудеррисоглу мырзалар сөз алып, Мажарстанда исламдық сәулет ескерткіштерінің ғасырлар бойы сақталып қалуы қос ел арасындағы тарихи сабақтастық пен мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Фотокөрмеге Мажар тарихының Осман кезеңіндегі ескерткіштерін бейнелейтін фотосуреттер қойылды.

1526 жылы Сүлеймен патша мажар әскерін жеңіп және 1541 жылы Порттың кезекті жорығы кезінде Мажарстан Корольдігінің астанасы – Буданы басып алғаннан кейін Мажарстанның көп бөлігі Осман империясының құрамына енді. Осман билігі Мажарстанда 150 жыл үстемдік құрса да өз ықпалын күшейте алмады. Бейбіт әдістер де, күш қолдану да Мажарстандағы ислам дінінің өрістеуіне әсер еткен жоқ. Балқан елдеріндегідей күштеп исламдандыру, мұсылман дініне жаппай көшулер болған емес. Жаулап алушылар мажар елдерін өз тілін қабылдауға да мәжбүрлеген жоқ.

Мажарстанда әрқашан шағын мұсылман халқы болған және солай болып қала берді. Бұл елде христиандар мен мұсылмандар бейбіт қатар өмір сүріп, 1916 жылы Мажарстан парламенті Еуропада алғашқылардың бірі болып исламды Мажарстанның ресми діні ретінде бекіткен кезде де қос дін өкілдерінің татулығы айқын көрінді. Мажарстан готикалық өнердің шығыс шекарасы мен түрік-ислам сәулет өнерінің солтүстік-батыс шекарасын тең дәрежеде көрсететін ел.

Көрмеге қойылған Осман империясының картасының шығу тарихына көз жүгіртіп өтсек, 1520 жылы билікке келген Сұлтан Сүлеймен Осман империясының үстемдігін Таяу Шығысқа, Солтүстік Африкаға және Балқанға дейін жүргізді. 1566 жылға қарай оның иеліктері Меккеден Алжирге дейін және қазіргі Мажарстанның көп бөлігін алып жатыр.

Ал Пеш қаласындағы Қасым паша мешіті де өз ерекшелігімен танымал. Қасым паша мешіті Печ қаласының символының бірі болып қана қоймай, сонымен қатар Мажарстандағы түрік сәулет өнерінің ең ірі үлгісі болып саналады. Ұзындығы мен ені жүз қадам болатын қазіргі ғимаратты жеңімпаз Қасым паша 1543-1546 жылдар аралығында салған. Мажарстан әскерлері қаланы басып алғанның салдарынан мешіттің мұнарасы қирап, 1702 жылы мешіт шіркеуге айналғанымен ол бұрынғысынша көптеген түрік сәулет сипаттарын сақтай отырып, Мажарстанда қалған ең ірі осман құрылыстарының бірі болып табылады. Ішінде қалған гипс бөліктерінде Осман безендіру элементтері мен Құраннан жазылған жазулар анық көрінеді.

2.jpeg

Мажарстанның оңтүстігіндегі Печ қаласы ислам сәулет ескерткіштерінің ең үлкен коллекциясына ие. Ең танымалдарының бірі – Яковалы Хасан паша мешіті. Бұл азан айтылатын іргелес мұнарамен бірге сақталған жалғыз мешіт жергілікті түрік шенеунігі Яковалы Хасан пашаның құрметіне аталған. Яковали Хасан паша мешітінің құрылысы қарапайым, іргетасы төртбұрышты, терезелері дөңгелек және әдеттегідей түрік күмбезімен аяқталған. Барлық мешіттер сияқты Меккеге қарайды, сондықтан солтүстік-батыс – оңтүстік-шығыс осі бар. Мұнараның биіктігі 22,5 метрді құрайды, бір кездері мешіттің солтүстік-батыс жағында текке мен медресені қамтитын үлкен кешеннің бөлігінде фойе болған. 

Мінекей, осы және басқа да картиналар тарих қойнауынан қазіргі ұрпаққа сыр шертеді. 

Көрме үш тілде қысқаша сипатталған 28 сурет пен фотосуреттен тұрады.

Көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады. 

Сурет: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также