Жасанды интеллект (ЖИ) – қазіргі заманның ең ірі технологиялық жетістіктерінің бірі. Ол тек ғылым мен техниканың жетістігі ғана емес, сонымен бірге адамзат өмірінің барлық саласына әсер ететін құралға айналды.
Жасанды интеллект біздің жұмысымызды жеңілдетіп, өмір сүру сапасын жақсартуда, бірақ оның да оң-теріс тұстары бар.
Соңғы жылдары әртүрлі ғалымдар адам санасын алмастыратын аналог жасауға бет бұрды. 1956 жылы америкалық бағдарламашы Джон Маккарти АҚШ-тың Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда «жасанды интеллект» деген терминді алғаш рет қолданды.
Шын мәнінде аталған термин Джон Маккартиге дейін де қолданылды. Алайда атауы берілмеген еді.
Жасанды интеллект дегеніміз не?
Жасанды интеллект – бұл компьютерлік жүйелердің адам сияқты ойлау, түсіну, үйрену және шешім қабылдау қабілетінен тұратын технология. Ол үлкен деректерді (Big Data) талдап, сол деректер негізінде шешім қабылдайды. ЖИ алгоритмдері адам санасына ұқсас жұмыс істейді, бірақ жылдамдығы мен дәлдігі жағынан асып түседі.
ЖИ-дың негізгі қолдану салалары
Жасанды интеллект медицина саласында диагноз қою, емдеу жоспарын құру және дәрі-дәрмек әзірлеу үшін қолданылады. Мысалы, жасанды интеллект рентген суреттерін талдай отырып, рак ауруларын ерте анықтауда жоғары дәлдік көрсетіп отыр.
Қазіргі уақытта ЖИ білім беру жүйесін жекелендірілген оқыту арқылы өзгертуде. Онлайн платформалар студенттердің деңгейін анықтап, әрқайсысына жеке бағдарлама ұсына алады.
ЖИ банк жүйесінде алаяқтықты анықтау, нарықтық үрдістерді болжау және клиенттерге қызмет көрсету үшін қолданылады. Мысалы, чат-боттар клиенттермен байланысқа шығып, уақыт пен ресурстарды үнемдейді.
Автономды көліктер – ЖИ-дың көлік саласындағы ең ірі жетістігі. Tesla сынды компаниялар жасанды интеллект негізінде автопилот функциясын дамытып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға ұмтылуда.
ЖИ Netflix немесе Spotify сияқты платформаларда пайдаланушылардың талғамын болжап, ұсыныстар беру үшін қолданылады. Сонымен қатар, ойын индустриясында да ЖИ динамикалық сценарийлер жасауға мүмкіндік береді.
ЖИ өмірімізді қалай өзгертеді?
ЖИ көптеген салалардағы рутиналық жұмыстарды алмастырып, өндіріс тиімділігін арттыруда. Бұл жұмыссыздықтың өсуіне себеп болуы мүмкін, бірақ жаңа мамандықтар мен салаларды дамытуға да ықпал етеді.
Коммуникацияның жаңа құралдарын ұсына отырып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетеді. Мысалы, аударма бағдарламалары түрлі тілдердегі адамдардың еркін сөйлесуіне мүмкіндік береді.
ЖИ-дың деректерді өңдеу мүмкіндіктері жеке өмірдің құпиялығына қауіп төндіруде. Адамдардың жеке мәліметтерінің қалай қолданылатынына қатысты сұрақтар күн тәртібінен түспей келеді.
Жасанды интеллект ғылыми зерттеулер мен өнертабыстарға үлкен серпін беруде. Бұл медицина, экология және ғарышты зерттеу сияқты маңызды салаларда жаңа мүмкіндіктер ашады.
ЖИ-дың болашағы қандай?
Болашақта ЖИ өміріміздің ажырамас бөлігіне айналатыны анық. Бірақ оның дамуы барысында жауапты шешімдер қабылдау маңызды. Адамзат жасанды интеллектті пайдалану арқылы технологияны қоғам игілігіне бағыттауы қажет.
Технологиялар алға жылжыған сайын, ЖИ мүмкіндіктері де кеңейе береді. Роботтар мен адамзаттың өзара әрекеттесуі одан әрі тереңдей түседі. Мемлекеттер жасанды интеллектіні пайдалану және дамыту бойынша заңдар мен ережелер әзірлеуге назар аударуда. Бұл ЖИ-дың зиянды әсерлерін азайтуға көмектеседі. ЖИ-ға бейімделген болашақ мамандарды дайындау үшін жаңа білім беру бағдарламалары қажет. Техникалық біліммен қатар этикалық мәселелерді түсіну де маңызды болады.
Жасанды интеллект – болашақтың негізін құрайтын технология. Оның көмегімен адамзат көптеген мәселелерді шешіп, өмір сүру сапасын арттырады. Бірақ бұл технологияны дұрыс бағытта пайдалану және оның жағымсыз салдарын азайту үшін жан-жақты дайындық қажет. ЖИ бізге жаңа мүмкіндіктер сыйлап қана қоймай, жаңа жауапкершіліктерді де арттырады.
Машиналардың басты мәселесі – олардың бағдарламаланғандай жұмыс істеуінде. Жасанды интеллект машиналарды уақыт өте келе үйренуге қабілетті еткенімен, олар шығармашылық тұрғыда ойлауды меңгере алмайды. Машина әрқашан жағдайды алдын ала енгізілген деректер мен өткен тәжірибе негізінде талдайды. Бұл олардың шығармашылық шешім қабылдауына кедергі жасайды.
Классикалық мысалдардың бірі – Forbes журналының кіріс жөніндегі есептері. Бұл есептерді жазу үшін Forbes Quil атты ботты пайдаланады. Бұл есептер алдын ала ботқа жүктелген деректер мен фактілерге негізделген. Forrester компаниясы 2025 жылға қарай осындай боттар арқылы басқарылатын контент АҚШ-тағы жұмыс орындарының 16 пайызын алмастыруы мүмкін деп болжайды, бірақ бұл мәселе әлі де пікірталас тудырады.
Боттар жазған мақалалардың басты мәселесі – олардың адамгершілік көзқарасының жоқтығында. Forbes-тің басқа мақалаларымен салыстырғанда, бұл есептерде оқиғалар мен қолдану мысалдарын шығармашылық тұрғыдан түсіндіру жетіспейді. Машина жазған мәтіндерде осындай сипат жоқ.
Не қолданасыз?
Біз тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, қандай технологиялар қолданатындарын сұрап-білдік.
Айна, сатушы:
«Мен үйде Алисаны қолданамын. Кір жуғыш машина, ыдыс жуғыш машина, құлтемір шаңсорғыштар өмірімді әлдеқайда жеңілдетеді. Енді термомикс деген шықты, тамақты өзі-ақ жасайды. Тек қоспаларды салып тұрсаңыз, жеткілікті. Алайда бағасын қарапайым халық көтере алмайды, сондықтан осындай өмірге қажетті заттар арзан болса екен деген тілегім бар».
Жандос, студент:
«Мен сабағымда Chatgpt, Gamma секілді жасанды интеллекттерді қолданамын. Чат джипити әртүрлі өзіндік жұмыстарды жасауыма, Гамма болса, презентациялар жасауыма көмектеседі. Алайда бізде бұндай жасанды интеллекттерді қолдануға тыйым салынады. Өйткені өзің ізденіп, оқып жазуың керек».
Сауалнама барысында жасанды интеллект қолданбайтындар да табылды. Алайда басым бөлігі құлтемірдің «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге» шақырды.