Дерматолог Айнұр Таубаева: «Науқастарымды жақсы көремін» | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Дерматолог Айнұр Таубаева: «Науқастарымды жақсы көремін»

28040
10 минут
Дерматолог Айнұр Таубаева: «Науқастарымды жақсы көремін»

Айнұр Таубаева – 24 жылдық тәжірибесі бар дерматолог-дәрігер. Тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкерінен еңбек жолын бастаған Айнұр Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығында меңгеруші дәрежесіне дейін көтерілген.

Айнұр педагогикалық отбасында өскен, оның әкесі математик, мектеп директоры болса, анасы мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісі болған. Әкесі қызының ұстаздық жолға түсуін қалаған, алайда қыз медициналық жолға бет бұрған.

«Бұл арманның қайдан пайда болғанын білмеймін. Хирург немесе терапевт болуды да ойламаппын, тек медбике болғым келді. Сондықтан 14 жасымда 8 сыныпты аяқтаған соң медучилищеге түстім. Мектепте озат оқыдым, сондықтан емтихансыз қабылдандым», - дейді Айнұр Таубаева.

Училищені аяқтаған соң Айнұр Ақтөбе медициналық институтында оқуын жалғастырмақ болады. Алайда құжаттарын тек бір жылдан кейін ғана тапсыруға шешім қабылдайды. Осы уақыт аралығында ол гинекологияда медбике болып жұмыс істейді, өзіне осы мамандық ұнайды деп ойлаған. Алайда...

«Төртінші курста дерматологияға келгенде әртүрлі тері ауруларын көріп, қызықтым. Мысалы, терапевт болсаң, адамның ішінде не болып жатқанын көрмейсің. Тыңдайсың, рентген немесе УДЗ жасайсың, талдамалары жақсарып жатқанын көріп денсаулығы жақсарып жатқанын түсінесің. Ал мына жерде эффект көз алдыңда көрінеді. Осы сәт маған ұнаған шығар, терінің жазылып жатқанын көріп қуанасың. Алайда менің мамандығым дермато-венерология, мені дерматология көбірек қызықтырады», - дейді Айнұр Таубаева.

Бесінші курстан кейін Айнұр арыз жазып, дермато-венеролог мамандығын таңдады. Айнұрдың енесі ол кезде поликлиниканың бас дәрігері болған, өзі терапевт болғандықтан Айнұрдың да осы бағытты таңдағанын қалаған, алайда кейіпкеріміз жүрек қалауын тыңдаған.

«Институтты аяқтағанда қолымда бес жастағы ұлым болды. Екінші курста тұрмысқа шығып, үшінші курста дүниеге сәби әкелдім. Алайда оқыған кезде қиналмадым, өйткені жолдасымның ата-анасымен бірге тұрдық, енем өзі де дәрігер болғандықтан мамандығымды түсініп, оқуыма қолдау білдірді», - дейді Айнұр.

Айнұрдың жолдасы дәрігер-стоматолог, дегенмен мамандық бойынша ұзақ уақыт жұмыс істемеген. 1990 жылдары ол кәсіп саласына бет бұрған. Қаржыгер мамандығы бойынша қосымша оқып, әртүрлі компанияларда бухгалтер болған. Айнұр жолдасының жұмысымен Алматыға қоныс аударған.

«Өз орнымды өзім таптым, сөйлесуден өтіп, жұмысқа қабылдандым. Басында кіші ғылыми қызметкер болдым, кейін қабылдау бөлімінің дәрігері, кезекші дәрігер болдым. Барлық сатыдан өттім, қазіргі таңда осы клиниканың меңгерушісімін. Бұл жерде сүйікті ісіңмен айналысуға мүмкіндік бар. Үнемі ізденіс үстіндемін. Жаңа жоғары технологиядан шабыт алып, жас қызметкерлеріме шабыт беремін, - дейді Таубаева.

Дәрігер еңбек жолындағы есінде қалған сәттермен бөлісті.

«Перзентханаға жаңа туылған балаға кеңес беру үшін шақырылдым. Баланың үстіне көпіршік тәрізді жара шыққан. Бұл буллезді эпидермолиз деген қорытындыға келдім. Енемді кеңесуге шақырдым. Консилиум жинадым, бірнеше диагноз айтылды. Соңында буллезді эпидермолиз диагнозы қойылды», - дейді ол.

Бұл ауру Айнұрдың қызығушылығын тудырды. Ол тек дертті емдеп қана қоймай, оны жіті зерттеумен де айналысады. Жаңа тәсілдерді енгізу, оның әрекет етуі мен нәтижесін бақылау дәрігер үшін қызық процесс.

«Наталья Цой директордың орынбасары болып тұрған уақытта біз барлық аумақпен хабарласып, елімізде осы диагнозбен ауыратын қанша адам бар екенін іздедік. Сол уақытта 10 немесе 12 адам есепте тұрған, кейін 14-ке өсті. Қазіргі таңда олардың саны Қазақстан бойынша 112. Жастары әртүрлі, бәріне басқа диагноздар қойылған. Оларды қалай емдеуге болатынын ойладым. Препараттарымыз бен агрессивті терапия оларға сәйкес келмейді. Өйткені тері нәзік болғандықтан, пайдасынан қарағанда зияны көп», - дейді маман.

Айнұр осы сұрақтың шешімін іздеу барысында Бақыт Байғалиеваға кезігеді. Қос маман көбелек балаларға арнап қор ашу шешіміне бекінеді. Қордың арқасында олар Мәскеумен байланыс орнатып, балалар дерматологиясына зор үлес қосады.

«Мәскеуге барып, қалай емдеу керектігін білдік. Арнайы байламалар бар екен. Мен ол материалдарды көргенде қатты таңғалдым. Бала саны 12-ге жеткенде заттарды алдырта бастадым. Кейін өзім алдыртып, аумақтарға тараттым. Аналарды жинап, дәрістер өткіздім. Осының бәрін тегін жасадым», - дейді дәрігер.

Бұл арнайы байламалар өте қымбат. Біздің елімізде жоқ. Алайда буллезді эпидермолизге шалдыққан науқастарға ауадай қажет.

«Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, мәслихат есебінен балаларды байламалармен қамтамасыз ете бастадық. Алайда бұл балаларда басқа да асқынулар болады. Сондықтан аумақтарда маман дайындауға тура келді. Әртүрлі бағыттағы 17 маман дайындалды. Бұл жұмыстарға жылдар кетті», - дейді Айнұр.

Қазірге дейін Айнұр «Көбелек балалар» қайырымдылық қорында дәрігер-сарапшы болып жұмыс істейді. Дәрігердің күш салуымен көптеген оталар сәтті жасалды. Отаға отандық та, ресейлік те мамандар қатысқан.

Бұл ота расымен бірегей, өйткені наркоз берудің өзі үлкен тәжірибені талап етеді.

«Ота жоғары деңгейде өтті, балалар отадан кейін өздерін жақсы сезіне бастады. Кейін кезең-кезеңмен оңалту жұмыстары жүрді, басында арнайы ортез қолданылды, кейін қолғап кигізілді. Бұған дейін балалар бұндай ота үшін шетелге кететін, қазіргі таңда Исамдун Каудунұлының сөзімен айтқанда біз көбелек балаларымызға өзіміз-ақ ота жасай аламыз», - дейді маман.

Әлбетте Айнұр Таубаеваның негізгі қызметі – клиниканы басқару, әртүрлі диагнозы бар науқастарды емдеу.

«Бізге ауданнан 11 жастағы ұл бала келіп түсті. Құжатта генерализованды пустулезді псориаз деп жазылған. Баланы көргенде қатты қорықтым. Талдамалары да өте нашар болды. Жалпы жағдайы өте нашар еді. Баланы жатқызғанда қорықтық. Келесі күні педиатор, хирург, реаниматолог мамандарды шақырттым. Олар балаға катетеризация жасады, күні-түні сол баланың жанынан табылдым. 12 күннен соң бала құлан-таза сауығып, үйіне оралды. Бұл расымен таңғажайып жағдай еді, бұл оқиғаны мақтанышпен еске аламын. Өзімнің жас дәрігерлеріме де дәрігер шешімді тез қабылдайтын батыл жан болу керектігін үнемі айтып отырамын», - дейді маман.

Айнұр әртүрді бағдарламаларға жиі шақырту алады.

«Кеңесші ретінде теледидарға түсуге шақырды. Барсам, ихтиоз дертіне шалдыққан бір қыз отыр. Анасы бізден көмек сұрау үшін бағдарламаға келген екен. Мен сол жерден оларды алып кетіп, келесі күні бізге әкеліп жатқыздым. Баланы өз қадағалауыма алдым. 10-14 күннің ішінде қыз жазылып, үйіне қайтты. Осы уақыт ішінде анасына балаға дұрыс күтім жасау керектігін үйреттім, өйткені бұл созылмалы ауру болғандықтан, күтім дұрыс болмаса жағдайы қайтып нашарлайтынын түсіндірдім», - дейді дәрігер.

Бірнеше уақыттан соң Айнұр теледидарға түсуге қайта шақырылған.

«Жыл қорытындысы жасалған түсірілім болатын. Көмегі тиген жандарға алғыс айтып жатты. Сол жақта әлгі қыз да болды. Анасы оларға хабарласып, маған алғыс айтқысы келетінін жеткізген. Өйткені қызы қалыпты өмірге оралды», - дейді ол.

Дәрігер өз мамандығын жақсы көретінін жасырмады.

«Осындай сәттерде жұмысымның бекер емес екенін түсінемін. Жұмысымды жаныммен сүйемін. Науқастарымды жақсы көремін. Науқасты көргенде жағдайын жақсартуды ғана көздеймін, мамандығыма деген махаббатым осындай», - дейді Айнұр Таубаева.

Айнұр одан бөлек мединтитутта да сабақ береді. Өз стационарындағы мамандарды өзі дайындаған.

«Ковид кезінде тәжірибелі дәрігерлерімнің бәрі кетіп қалды, өйткені жұмыссыз қалған еді. Қайтып қалыпты өмірге оралғанда мамансыз қалдық. Резиденттерім оқуларын бітіріп жатқан. Меңгерушісіне барып, бізде жұмыс істегілері келетін үш адамды сұрадым. Кейін тағы екі адамды алдым. Осылайша қазіргі таңда жастармен жұмыс істеймін, оларды оқытамын, дайындаймын. Бес оқушым қазір менімен бірге жұмыс істейді. Ғылыми бағыттағы республика бойынша жалғыз орталықпыз. Әрі ғылым, әрі клиника», - дейді Айнұр.

Сөз соңында дәрігер мақсатын айтты.

«Қазіргі таңда менің мақсатым – генетикалық аурулармен айналысатын генодерматоз бөлімшесін ашу. Науқастар тек көмек алып қана қоймай, толық тексерістен өткенін қалаймын. Бала дүниеге келгенде бірде қандай ген мутацияға ұшырағанын анықтап, болжам құрып, емдеу шарасын бастау керек. Генді өзгерте алмаймыз, алайда бұндай науқастардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Менің болашақтағы басты мақсатым – осы», - дейді Айнұр Таубаева.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...