15 сәуір Қазақстанда «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні», яғни Ұлттық ғашықтар мерекесі тойланады. Қос ғашықтың махаббат оқиғасы бүгінгі таңда шын махаббаттың белгісіне айналды.
Осы орайда қазақстандық скрипкашы Лана Кунсеркина-Саркисян өзінің махаббат хикаясын айтты.
Лана Кунсеркина-Саркисян Қазақстанда дүниеге келген, Алматы мемлекеттік консерваториясын скрипка класы бойынша бітірген, ҚР мемлекеттік телерадио оркестрінде Мұрат Серкебаевтың басқаруымен жұмыс істеген.
Лананы көпшілік жақсы таниды. Қазіргі таңда скрипкашы Мәскеуде тұрады. Қазақстандық танымал жұлдыз 15 жыл бұрын өзге елге көшкен. Қорлан (кейіпкердің толық есімі) Кунсеркина Мәскеуде танымал психолог Константин Саркисянға тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыптының екі баласы бар, ұлдарының аты – Георгий, қыздары – Леона.
Биыл ерлі-зайыптылар Лана Кунсеркина-Саркисян мен Константин Саркисянның отбасы құрғандарына 15 жыл толды. Скрипкашы өзінің болашақ жарымен Мәскеуде танысқан.
Қазіргі таңда Лана тек музыкант қана емес, әйелдерге психологиялық тренингтер өткізетін жетекші маманға да айналған.
Отандасымыз отбасылық өмірі туралы айтып берді.
-Лана, махаббат хикаяларыңыз қай уақытта басталды?
-Адамдар бір-бірімен танысқан уақытта бұл әйел немесе бұл ер адам менің болашақ жарым болады деп ойламайды. Көбіне қарым-қатынас жай ғана әзілдесіп сөйлесуден басталады. Кейде ата-аналары кездесу ұйымдастырғанда неке келісіммен құрылады. Алайда қазіргі заманда адамдар көшеде, достардың ортасында танысып жатады. Басында жай ғана қызығушылық болуы мүмкін, алайда кейін қандай қадамға апаратыны белгісіз. Бір-бірін ұнатады, кейін кездеседі, содан кейін отбасы құру деңгейіне дейін жетеді. Менің өмірімде де 15 жыл бұрын 10 сәуірде бәрі осылай басталды.
Ол кез әлі есімде, адам өз-өзіне қанағаттану керек. Әйел өз-өзімен оңаша қалғанда жайлылықты сезіну керек. Өз басым махаббат, бақыт, жайлылықтың қайнар көзін іздеген жоқпын, өйткені өзім жылылық беруші болдым. Менің көңіл-күйім бірнеше ай қатарынан көтеріңкі жүрді. Соншалықты толыққан күйде болдым. Толыққанды болу дегеніміз – өз-өзіңнен рахаттана өмір сүру, осы рахаттануды әйел адам айналасына шашады, әйел адам пеш немесе энергостанция секілді. Бұл пешке жылынғысы келетіндер көп, бұндай адам айналасына махаббат, жылулықты қуана-қуана бөліседі. Менің ойымша осы күйім жолдасымды өзіне тартты.
-Өз бақытыңыздың жолында қандай қиындықтарға жолықтыңыз?
-Бұл туралы білмеймін. Ешкім қарсы болған жоқ, жақындарымыз некемізге қарсылық танытпады.
Екі адам бір жұп болғанда бүкіл әлем қуанып, тойлататын тәрізді. Бір-бірін шын сүйетін екі адам кездескенде олар үшін ұлт та, діни сенім де, жасы да, әлеуметтік жағдайы да маңызды емес. Жұптар бір-бірін тез сезеді. Екі жарты бір бүтін болады.
Константин екеумізде де осылай болды. Біз ешкімнің тарапынан қарсылық сезінбедік. Тойымыз өте көңілді өтті, өйткені бәрі орын-орнымен болды.
Күйеуіммен танысқанымда 37 жаста едім. Әдетте бұл жас үйленуге кеш шығар, алайда менің жағдайымда тұп-тура уақыт еді.
Маған ешкім «қашан тұрмысқа шығасың, қашан балалы боласың» деген сұрақтар қоймапты. Ұлтым қазақ болса да, туыстарымның ешқайсысы «Неге қазаққа шықпадың?» демепті.
-Ренжісіп қалған уақытта қалай татуласасыздар? Бір-біріңізге қадамды қалай жасайсыздар?
-«Бір күні жиырма жыл бұрын» атты сүйікті фильмімнен алынған үзінді маған қатты ұнайды. Кейіпкер Наталья Гундарева көп балалы ана, өзінің қызына: «Несіне жылайсың? Күйеуге шығам деп едің ғой, отбасылық өмір көз жасысыз өтеді деп пе едің? Олай болмайды. Кейін татуласудың өзі бір ғажап!» - дейді. Бұл сөзге толықтай қосыламын, татуласу әрқашан керемет жайт. Алайда жолдасым екеуміз осы 15 жылдың ішінде бір нәрсені жақсы түсіндік. Кез келген жанжал – тараптардың қанағаттанбаған талабы.
Саркисянның әйелі болған қандай екен деп сұрағандар бар. Менің айтарым: «Сіздің кеңесіңіз екі сағат болса, мен 15 жыл бойы алып жатырмын». Екеуміз де бұл нәрсемен жұмыс істей аламыз, жанжал тумаса да, туайын деп жатқан уақытта бірге отырып жағдайды талқылаймыз. Қарым-қатынастағы ең маңызды жайт – бір-біріңізбен сөйлесу.
-Отбасылық өмірлеріңіз тұрмыстық жағдайларға жұтылып кетпеу үшін махаббат отын қалай сақтайсыздар?
– Әйел адам бәрінде тепе-теңдік керек екенін түсінгенде, тұрмыстық тірліктер бітпейтінін ұғынғанда бәрі орнына келеді. Үй тірлігі – біздің міндетіміз, одан қаша алмайсың. Алайда тірлікке беріліп кетудің қажеті жоқ, уақыт пен кеңістікті өз ыңғайыңа қарай ұйымдастыра білу керек. Бүкіл үй тірлігін атқара білу керек: ана болуға міндеттімін, әйел болуға міндеттімін, үй тірлігін жасауға міндеттімін. Сонымен қатар жаным қамқорлық пен махаббатқа бөлену үшін «тұлға болуға міндеттімін». Өмірдің барлық саласында үндестік болғанда, әйел адам тығырыққа тірелмейді, үй тірлігіне басымен берілмейді. Приоритеттерді дұрыс қоя білу керек және әйел адам өзі жайлы ұмытпауы тиіс.
– Сіз қалай ұйымдастырасыз?
– Күн сайын таңертең өзіме уақыт бөлгенді ұнатамын. Балалардың біреуін балабақшаға, біреуін сабаққа апарып тастап, жолдасым әлі ұйықтап жатқанда 1-2 сағат бос уақытым болады. Бұл уақытты «нappy нours» (бақытты сағат) деп атаймын. Жолдасы ұйықтап жатқан Лана-әйел өзінің тірлігіне кіріспей тұрғанда, балалары жанында емес Лана-ана үзілісте болғанда тек өзіме ғана арналған уақытым болады, осы уақытты барынша пайдаға асыруға тырысамын.
Әдетте видеоконтент қарап отырып тәттілеп таңғы асымды ішіп аламын, кейде тренинг немесе сериал қараймын. Өз жан қалауымды жасаймын, өзім рахат алатын нәрсеге кірісемін. Жалғыз өзім таңғы ас ішкенде рахат аламын, өйткені, бәріміз бірге тамақтанғанда аспаз да, даяшы да боламын. Алайда бұның өзі жақсы сәттер, осылай болуы тиіс.
– «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнінде әйелдерге не тілейсіз?
-Әйелдер көңіл-күйіне, өмірге деген көзқарасына айналасындағы жандардың тұрмысы тікелей байланысты екенін түсінсе екен. Өйткені бақытты отбасыдан бақытты ел құралады. Кез келген әйелдің басты міндеті – әрдайым көңіл-күйін бақылау. Егер көңіл-күйіңіз түсіп кетсе: «Сүйікті өзім үшін дәл қазір не істей аламын»? деген сұрақ қойыңыз.
Кез келген әйел, қыз осы сұрақты өзіне қойып, жауабын алса екен деп тілеймін. Бүкіл жер шарының әйелдеріне өз бақыты, позитивті көңіл-күйі үшін уақыт табуын тілеймін.
-Әңгімеңізге рақмет!