Алматылық өрт сөндірушілер күн сайын қандай жағдайларға тап болады | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Алматылық өрт сөндірушілер күн сайын қандай жағдайларға тап болады

289
7 минут
Алматылық өрт сөндірушілер күн сайын қандай жағдайларға тап болады
19 қазанда елімізде Құтқарушы күні аталып өтеді. 1995 жылы дәл осы күні республикада Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған болатын. Мереке қарсаңында біз ҚР ТЖМ қызметкері Елдар Молдабаевпен оның жұмысының ерекшеліктері туралы сөйлестік. Тамыз айында ол өмірін қатерге тігіп, жанармай құю стансасындағы өрт кезінде жарылысты болдырмау үшін газ резервуарын жапқан еді.

Мамандықты таңдау туралы

Елдар аспаздық мамандығын тәмамдаған, кейіннен Ұлттық ұлан әскерінде қызмет еткен.

«Мен бала кезімнен адамдарға көмектескім келетін. Әскерден кейін аспаз болу маған келмейтінін түсіндім, сол кезде полиция мен ТЖМ арасында таңдау тұрып, құтқару қызметін таңдадым», – дейді Елдар.

Содан бері өз таңдауына өкінген емес. ТЖМ-де жетінші жыл қызмет етуде. Оның жұмыс істейтін №19 өрт сөндіру бөлімшесі Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан. Көбінесе құтқарушылар құрғақ шөпті немесе жеке үйлердегі өрттерді сөндіреді.

MVI_2944.MP4.00_00_01_31.неподвижное изображение001.jpg

22 тамыздағы ерлігі туралы

2024 жылдың 22 тамызында Алматы қаласындағы Ақ-Қайнар көшесіндегі «Газпромнефть» жанармай құю стансасында өрт болды. Тергеу нәтижесінде өрттің жанармай бекетінің операторына байланысты шыққаны анықталды. Газбен жабдықталған Toyota Highlander автокөлігі ашық жалынмен жанып кеткен еді.

«Бізге көлік жанып жатыр деп хабар берілді, жолда жағдайға сәйкес рөлдерді бөлдік. Оқиға орнына жеткенде, газ резервуарының жарылу қаупі бар екені анықталды, сол себепті тактиканы дереу өзгерту керек болды. Оператор газды тоқтату жолын көрсетті, мен вентильді жаптым», – деп еске алады Елдар.

Құтқарушы қатерге бас тіккенін және үлгермей қалу мүмкіндігін түсінді. Бірақ, ол сәтте жылдам шешім қабылданбаса, жанармай бекеті жанындағы адамдардың өміріне үлкен қауіп төнді – жарылыс болса, барлығы қаза табар еді.

IMG_2894 (1) (1).jpg

Өрт сөндірушілердің күн тәртібі

Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді. Әр сағаты жоспарланған: теориялық сабақтар, өрт сөндіру тактикасын талдау, дене дайындығы және кәсіби дағдыларды жетілдіру. Өрт сөндірушілер футбол ойнайды, жаттығулар жасайды, басқа да физикалық дайындық түрлерімен және кроссфитпен айналысады.

ТЖМ қызметкерлеріне тамақтану ұсынылмайды. Әр бөлімше бұл жағдайдан әртүрлі шығады. Елдар жұмыс істейтін №19 бөлімшеде кезекшіге ақша жиналып, ол азық-түлік сатып алып, тамақ дайындайды. Кейбіреулер кезекшілікте тамақ жасауды үйренеді, ал әріптестері олардың аспаздық «туындыларына» түсіністікпен қарайды. Өрттер қызметкерлердің түскі үзілісіне сәйкес келе бермейді, кейде құтқарушылар 10 сағаттық жұмыс уақытынан кейін тамақ әзірлеуге мәжбүр болады.

«Егер асханалар бізге түскі ас берсе, ризашылық білдірер едік», – дейді ТЖМ қызметкері.

MVI_2968.MP4.00_00_05_22.неподвижное изображение001.jpg

Адам қайғысын жеңе білу қабілеті туралы

Құтқарушылар көбінесе адамдардың үрейіне, жылап-сықтауына және қайғысына тап болады. Әр 3-5 ай сайын олармен психолог жұмыс істейді. Футбол ойнау да жеңілденуге көмектеседі.

«Жақында біз шағын аудандағы өртке шықтық. Жанып жатқан бөлмеге кіргенде, іште өлі дене болды. Мұндай жағдайлар алдымен кәсіби деңгейіңді көтеруге түрткі болады, келесіде тірі адамдарды құтқарып үлгеру үшін», – дейді Елдар.

Кейде адамдар құтқарушыларға кеңес беріп, дүрбелеңмен не істеу керегін айтып, жұмыстарына кедергі келтіреді. Елдар мұндай эмоцияларға түсіністікпен қарайды.

Өрт сөндірушілерге айтылатын сын туралы

Өрт сөндірушілерді көбінесе екі нәрсе үшін сынайды: өртке кешігіп келу және ең қажет сәтте судың таусылуы.

«Егер дәл қазір біздің бөлімшеміздің гаражына түссеңіз, ондағы барлық төрт көліктің суға толы екенін көресіз. Бірақ бір көліктегі 5 тонна су 11 минутқа ғана жетеді. Одан кейін қайтадан су алу керек», – деп түсіндіреді құтқарушы.

Ал кешігуге келсек, Елдардың айтуынша, адамдар өрт сөндірушілерді өрт өршіп кеткен кезде бір-ақ шақырады. Сондай-ақ көлік кептелісін де ескеру қажет. Жүргізушілер жол беруге тырысады, бірақ олар тоқтату сызығынан асып кетсе, автоматты түрде айыппұл алады. Сондықтан барлығы өз ақшаларынан айырылуға дайын емес.

MVI_2947.MP4.00_00_51_49.неподвижное изображение003 (1).jpg

Мамандықтағы әйелдер туралы

Әзілдеп әйелдерді өртке шығара ма деп сұрадық. ТЖМ-де көп әйелдер диспетчер, фельдшер, психолог болып жұмыс істейді. Бірақ Қазақстанда әйел өрт сөндірушілер жоқ. Елдардың айтуынша, мұның себебі жұмыс жағдайында. Өрт сөндіруші киімінің және құрал-жабдықтардың жалпы салмағы 20 килограммға жетеді. Кейде ол ересек адамды ес-түссіз күйінде шығарып алуға мәжбүр болады.

«Өрт сөндіру – біздің мамандықтағы ең жеңілі. Өртке кірдің, сөндірдің де, кете саласың деген ешқашан болмайды. Біз қалдықтарды талдап, шала жанған құрылымдарды сөндіру үшін жұмыс істейміз. Үйінділерді жинау – ең қиын бөлігі. Немесе вагонды сөндіру керек болса, бірден кірісу мүмкін емес, алдымен оны суыту керек», – дейді Елдар.

Қызықты мәліметтер:

• Өрт сөндірушінің киімінің жалпы салмағы 20 келі.

• Бір өрт сөндіру көлігіндегі 5 тонна су 11 минутқа жетеді.

• Құтқарушының кезекшілігі бір тәулік, демалысы – үш тәулік.

• Шұғыл қоңырау түскеннен кейін демалыстағы өрт сөндіруші қалада болса, бір жарым сағатта бөлімшеге келуі керек, қала маңында тұрса – екі сағатта.

• Құтқарушылар өрт туралы хабар алғаннан кейін 2 минутта оқиға орнына шығады.

• Өрт сөндіруші 30 секундта өртке қарсы киімін киіп үлгереді.

• Өрт сөндіруші кем дегенде 15 рет турникте тартылуы керек.

Фото: АПН
  • Комментарии
Загрузка комментариев...