Әлеуметтік әділеттілікті қалай қамтамасыз етуге болады: Сарапшылар пікірі | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Әлеуметтік әділеттілікті қалай қамтамасыз етуге болады: Сарапшылар пікірі

580
8 минут
Әлеуметтік әділеттілікті қалай қамтамасыз етуге болады: Сарапшылар пікірі
Жақында Халықаралық әлеуметтік әділеттілік күні атап өтілді. Осы орайда қазақстандықтар оған сенеді ме деген сұраққа әртүрлі сала мамандары жауап берді.

БҰҰ мәліметтері бойынша, әлем халқының 80%-ы тиісті әлеуметтік қорғауға қол жеткізе алмайды. Бір қызығы, БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін 2007 жылы көршіміз Қырғызстанның бастамасымен жариялады.

Жыл сайын, әсіресе осы күн аясында әлеуметтік әділеттілік тақырыбында көптеген материалдар пайда болады. Алайда, іс жүзінде адамдар әлеуметтік әділеттілікке қатысты сұрақтарға жауап бере алмайды. Көбісі оның нақты нені білдіретінін де білмейді.

Өкініштісі, елімізде әлеуметтік әділеттілікке сенетінде өте аз. Тіпті, оның болашақта орнайтынына да көбісі үмітсіздікпен қарайды.

Осы орайда, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сарапшылардың пікірі сан алуан.

"Әлеуметтік қорғау – әлеуметтік әділеттіліктің маңызды элементі. Бұл өз бетінше жеткілікті қаражат таба алмайтын адамдарды қамтамасыз ету. Егер осы мәселеде Қазақстан деңгейін бес балдық шкала бойынша бағалайтын болсам, бізге минус төрт деген баға берер едім. Бұл басқа дамыған, бай елдермен салыстырғанда, әсіресе Солтүстік Еуропа – Швеция, Финляндия, Дания, Норвегия."Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев

Бұл елдерде жиналған бюджеттен, жұмыс істейтін адамдардан, жер қойнауынан, компаниялар пайдасынан 70-80 пайызы әлеуметтік бағдарламаларды қамтамасыз ету үшін бөлінеді. Бізде басқару аппаратын, соттарды, прокуратураларды ұстауға үлкен шығындар кетеді. Олар шамамен 50% алады.

Квазимемлекеттік кәсіпорындарды ұстау сияқты бағыт бар. Әдетте, басқа елдерде бұл кәсіпорындар салық төлейді, ал бізде керісінше, бюджеттен, ұлттық, зейнетақы қорларынан алынған ресурстарымыз соларға жұмсалады. Бүгінгі жағдай мынадай: байлар одан сайын байып жатыр, ал кедейлер барған сайын кедейленіп барады.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті Рамазан Салықжанов:

– Абсолютті әділеттілік жоқ екені анық. Абсолютті теңдіктің жоқтығы секілді. Теңдік пен әділеттілік әрқашан бір-бірімен түйіседі. Бірақ бұл билікке, әлеуметтік институттарға әлеуметтік әділеттілік пен әділ қарым-қатынас орнату мәселесінен қашуға себеп болмауы тиіс. Біз ұлтына, әлеуметтік тегіне, діни сеніміне және саяси көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың лайықты өмірін қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек.

ФСДИ (философия, саясаттану және дінтану институты) ғылыми қызметкері Гүлжамал Жүндібаева:


– Әлеуметтік әділеттілік тек экономикалық теңсіздікпен шектелмейді. Бұл түсінікке гендерлік және мәдени топтар арасындағы айырмашылықтар кіреді. Әлеуметтік әділеттілік барлық азаматтар үшін тең құқықтарға кепілдік беретін құқықтық нормалармен, сондай-ақ әртүрлі мәдени топтар мен жеке тұлғалардың құндылықтар жүйесін ескеретін өркениетті өріспен анықталады.

Менің ойымша, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру қажет, сонда әрбір адам өз құқықтарының қорғалғанына сенімді болады. Мысал ретінде мұғалімдердің де, оқушылардың да құқықтарын реттейтін Мұғалімнің мәртебесі туралы заң қабылдануын келтіруге болады. Мұғалімдердің жалақысын көтеру және заң қабылдау сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Алайда, мемлекеттің зайырлы сипатына байланысты уәкілетті органдар әлі реттемейтін кейбір мәдени топтарда әлеуметтік мәселелер туындайды. Мысалы, деструктивті діни ағымдарға түскен әйелдер көмексіз қалады, олардың проблемалары дағдарыс орталықтары арқылы шешіледі, бірақ бұл отбасыларды тастап кеткен ер адамдар ешқандай заңды жауапкершілікке тартылмайды.

Тағы бір мысал балаларға арналған медициналық көмекке қатысты. Мысалы, ата-аналардың діни сенімдеріне байланысты екпе секілді қажетті процедураларға келісім бермеуі. Бұл кейде қайғылы салдарға соқтырады. Бұл мәселе мәдени контекстке ие және оны тек нормативтік-құқықтық салада шешу қиын, сондықтан Діни қызмет пен бірлестіктер туралы заңнамаға, Денсаулық туралы заңға және басқа да нормативтік құжаттарға толықтырулар қажет.

Журналист, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Арман Құдабай:

– Әлеуметтік әділеттілік тұжырымдамасы мемлекет өзінің әрбір азаматын қамсыздандыруы тиіс әлеуметтік игіліктер мен мүмкіндіктерге тең құқықты қол жеткізуді қамтамасыз етуді көздейді. Мысалы, бұл жұмыс орындарымен, өмір сүру құралдарымен, мансаптық өсудің тең мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету. Өз ісін ашқысы келетіндердің барлығына қолдау көрсету, денсаулық сақтау және білім беру қызметтеріне шектеусіз қол жеткізу. Мұнда біз, әрине, физикалық және жасы бойынша мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қамқорлық жасауды қоса аламыз. "Әлеуметтік игіліктер" – бұл мемлекеттің осындай бағдарламаларға бағыттай алатын ресурстары. Өкінішке орай, біздің қоғамда әлеуметтік әділеттілік тек "бәріне бірдей бөліп беруді білдіреді" деген пікір әлі де тұрақты.

Ежелгі адамдардың даналығы есіңізде ме? "Егер адамға балық берсеңіз, ол бір күн ғана тоқ болады. Егер оған балық аулауды үйретсеңіз, ол өмір бойы тоқ болады". Бүкіл әлемде қарапайым үйлестіру жүйесінен адамды аяққа тұрғызуға көмектесуді көздейтін қолдау бағдарламаларына баяғыда көшкен. Әлеуметтік әділеттілік ақшаға емес, тең мүмкіндіктерге қатысты. Адамның мүмкіндігі шектеулі болса, қанша ақша берсеңіз де, бұл оған көп көмек бермейді.

Барлық игіліктерге тең қолжетімділікті қалай қамтамасыз етуге болады? Әрине, фаворитизмнің, жерлестіктің және тамыр-таныстықтың кез келген түрімен, сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен қатаң және ымырасыз күрес қажет.

"Қазақстанда ауқымды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатқанымен, әлеуметтік қорғау, адамдардың экономикалық құқықтарын, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау мәселесінде атқарылатын жұмыстар жетерлік. Көмек көрсетіліп жатқандар мен нақты көмекке мұқтаж адамдар әртүрлі болуы мүмкін."Қаржыгер Расул Рысмамбетов
Менің ойымша, әр елде әлеуметтік әділеттіліктің өзіндік бағасы бар. Біз оны анықтап, қаржылық, саяси, инфрақұрылымдық тұрғыдан түсініп, содан кейін жағдайды жақсартуға көшуіміз қажет. Қазірдің өзінде кейбір жұмыстар жүргізілуде, бірақ менің ойымша, бірқатар нәрселер дұрыс жасалмаған, сондықтан бұл мәселелерді қайта қарастыру керек.


  • Комментарии
Загрузка комментариев...