Соңғы кезде квадроберлер туралы көп айтылып жүр. Бұл субмәдениет өкілдері жан-жануарлардың костюмдерін киіп алып, іс-қимылдарын айнытпай қайталайды. Баласының бұл қылығын көрген ата-ана дабыл қағады, көшедегі жұрт жағасын ұстап, не айтарын білмейді. Заман азды ма, адам азды ма?
Квадроберлер деген кімдер, олар қайдан шықты?
Бұл субмәдениеттің атауы латынның quattuor (төрт) және ағылшынның aerobics (аэробика) деген сөзінен шыққан. Бұның мәні – төрт тағандап тұрып жануарға ұқсау.
Құбылыс ретінде Жапониядан бастау алды, жапон Кеничи Ито 2008 жылы төрт тағандап жүріп 18,58 секундта жүз метрді бағындырып, әлем назарын өзіне аударды. Дәлірек айтқанда, төрт тағандап жүгіру жаттығуына ел назары ауды. Кейін ғаламтордың арқасында бұл жүріс Жапонияда танылып, әлемге жайылды. Адамдар жан-жануарды еске салатын акробатикалық іс-қимылдар жасай бастады.
Басында спорт ретінде бой көрсеткен дүние бара-бара трендке айналды.
Яғни субмәдениет ретінде кейінірек қалыптасты. Ағымның өкілдері тек төрт тағандап жүріп қана қоймай, жануарлардың костюмдерін киетін болды. Елімізге келіп жатқан субмәдениет әсіресе оқушылар арасында танымал.
Тіпті желіге квадробика бойынша техникаларды үйрететін видеолар тарады. Авторлар қалай секіруге болатынын, бетперделерді қалай жасауға болатынын үйретеді. Балалар бұл нәрсені трендте болу үшін қайталайды.
Маркетплейстерде квадроберлерге арналған атрибуттар да сатылады. Жақында квадроберлерге арналған тамақ та пайда болды.
Тренд Қазақстанға да жетті. Алматы, Астана секілді ірі қалалардың көшелерінде жан-жануарлардың киімін киіп, төрт аяқтап жүрген ұл-қыздар пайда болды.
Квадроберлердің сыртқы түрі
Квадроберлердің сыртқы түрі әртүрлі жануардың костюмдерін жартылай киіп алуымен ерекшеленеді. Субмәдениет өкілдері көшеде, саябақта, басқа да қоғамдық орындарда жануарлар секілді төрт аяқтап жүреді. Тіпті мысық секілді мияулап, ит секілді үруі мүмкін... Немесе жылқы секілді кісінеп, құс секілді шиқылдайды..
Балалар неге жануарларға ұқсағысы келеді
Балалардың жануарға ұқсауының психологиялық және әлеуметтік мәні бар. Психотерапевт Шаттық Қалидің сөзінше, баланың қиялы шексіз, сондықтан ол костюмнің арқасында өзін күштірек, мықтырақ сезінеді. Костюм киіп алып өзге балалармен танысу да оңай. Костюм олар үшін қорғаныш құралы іспетті. Төрт тағандап жануардың қылығын салғанда бала өзін тіптен мықты сезінеді.
Кейбір балалар мен жасөспірімдер үшін жануарлардың мінез-құлқы өз эмоцияларын білдіру тәсіліне айналуы мүмкін, әсіресе олар сезімдерін білдіруде қиындықтарға тап болып жатады. Олар жануарларға еліктеу арқылы агрессия, қорқыныш, қуаныш немесе алаңдаушылықты қауіпсіз түрде білдіре алады. Мысалы, жабайы жануарларға еліктеу олар үшін қарапайым тәсілдермен шешілмейтін шиеленісті көрсетуге мүмкіндік береді. Жасөспірімдер осылайша ата-аналарының тыйымдарына наразылық білдіруі немесе отбасындағы сезімдерінің еленбей жатқанын көрсетуге тырысуы мүмкін.
Жасөспірімдік шақта белгілі бір топқа кіруге деген күшті ұмтылыс маңызды рөл атқарады. Квадроберлер сияқты субмәдениетке қатысу, құрдастары арасында өз орнын табуға және топта танылуға тырысудың бір тәсілі болуы мүмкін. Бұл сондай-ақ басқалардан ерекшеленіп, ерекше имидж қалыптастыру тәсілі ретінде қызмет етуі ғажап емес.
Кейде балалар, әсіресе жасөспірімдер, нақты проблемалардан немесе стресстік жағдайлардан уақытша қашу үшін осындай ойындарға жүгінуі мүмкін. Жануар бейнесі оларға әлеуметтік қысымнан, жауапкершіліктен немесе шындықта кездесетін эмоционалдық қиыншылықтардан абстракциялануға мүмкіндік береді.
Мұндай құбылыстардың таралуы интернет пен әлеуметтік желілер арқылы танымалдылықпен байланысты. Жануарларға еліктеп жүрген адамдарды көрсететін бейнелер мен мемдер тез тарап, ізбасарлар қауымдастығын қалыптастырады. Бұл балалар мен жасөспірімдердің қосылуға тырысатын трендті құрайды.
Маман баламен жиі сөйлесу керектігін тағы бір еске салды.
«Балаңызбен жақын сырласып, оның жан-дүниесінде болып жатқан толғаныстың барлығынан хабардар болсаңыз, оны түсінсеңіз, жалғыз қалдырмасаңыз, бала бұндай трендтің бәріне ілесіп кете бермейді, өз пікірі бар тұлға болып қалыптасады. Мәселенің бір ұшы баланың ішкі жалғыздығына келіп тіреледі. Өзін жалғыз сезінетін, ата-анасы бар бола тұра әлемнен қолдау іздейтін балалар әртүрлі трендке оңай еріп кетеді», - дейді Шаттық Қали.
Квадробика қауіпті ме?
Оның қаупі мынада: біріншіден, бала физикалық жарақат алуы мүмкін. Төрт тағандап жүрген бала аяқ-қолын жерге сызып алуы ғажап емес. Трюк жасаймын деп ауыр жарақат алу ықтималдығы жоғары. Екіншіден, агрессивті әрекет. Кейбір жағдайларда квадроберлер өтіп бара жатқан адамдарды тістеп қалуға тырысуы ғажап емес. Өйткені жануардың қылығын қаншалықты дөп салсаң, соншалықты квадроберге ұқсайсың. Үшінші себеп – психологиялық салдары. Бұл нәрсемен беріліп айналысқан баланың ақыл-есін маманға қаратып алу артық етпейді. Өйткені бұл – бала үшін шынайы өмірден қашып, ата-анаға деген ішкі ренішін білдіру тәсілі болуы да әбден мүмкін. Бұл тек себеп қана болып шығып, салдарын баланың ақылынан іздеу де артық болмас.
Ата-аналар не дейді?
Айнұр, ата-ана:
«Менің ойымша, бұл күні-түні телефонда отырғаннан жақсы. Далаға шығады, жануардың қылықтарын салады, бетперде киеді. Ода тұрған ештеңе жоқ. Кезінде өзіміз де жаңа жылда талай жануардың костюмдерін кидік қой. Сондықтан әр нәрседен негатив іздей берудің қажеті жоқ. Тіпті спорт түрі ретінде де баланың физикалық дамуын қамтамасыз етеді».
Зәуре, ата-ана:
«Масқара, заман не болып кетті? Бұл өте қорқынышты жайт. Балаларыма ешқашан бұндай зат жасамаңдар деп айтып отырамын. Біз адамбыз ғой, ит емеспіз».
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде де жаппай пікір қалдыруда. Онда көбі «тик-ток әлеуметтік желісі жабылсын» деп дабыл қағып жатыр. Өйткені тик-ток желісінде квадроберлер туралы видео көп тарап, соның нәтижесінде қазақстандық балалар еліктеп, трендті әрі қарай дамытуға атсалысуда.
Сурет: Freepik, TikTok