Буллинг, TikTok, «Қызыл дельфин»: Қазақстанда балалар неге биіктен секіріп кетіп жатыр | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Буллинг, TikTok, «Қызыл дельфин»: Қазақстанда балалар неге биіктен секіріп кетіп жатыр

222
10 минут
Буллинг, TikTok, «Қызыл дельфин»: Қазақстанда балалар неге биіктен секіріп кетіп жатыр
Әр жолы жасөспірімдердің суицидіне байланысты қайғылы оқиға орын алғанда қоғам есеңгіреп қалады. Мұндай жағдайлар тіпті өз отбасыларына сенімді адамдардың өзін де бей-жай қалдырмаса керек. Көптеген ата-аналар: «Менің балам белсенді, көпшіл, мектептегі үлгерімі де жақсы, ешқандай проблемасы жоқ», - деп ойлайды, бірақ түсініксіз қайғылы оқиғаларға тап болғанда бастарына тас түскендей күйде болады.

«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, баланың үйден тыс уақытта не істеп жүргенін, кіммен сөйлесетінін білу оңай емес.

16 қыркүйекте Алматыда осындай оқиға орын алды: екі 12 жастағы қыз көпқабатты үйдің шатырынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсады. Қайғылы оқиғадан кейін шатырға еркін кіруге мүмкіндік берген КСК қызметкерлерін кінәлай бастады. Қала әкімдігі шара қолданып, шатырларға кіруді шектеді. Тергеу жүргізілуде, бірақ қыздардың өлімінің себебін анықтау әзірге мүмкін болмады. Интернеттегі қауіпті ойынның ықпалын қоса алғанда, басқа да көптеген нұсқалар қарастырылуда.

Қайғылы оқиғадан кейін Алматы қаласының білім басқармасы арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Өкінішке орай, бұндай оқиғалар аз емес: 21 қыркүйекте Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде 13-қабаттағы балконнан мектеп оқушысы секіріп кетіп, көз жұмды. Бұған дейін бірнеше бақытсыз жағдайлар тіркелген. Олардың бірі Щучинск қаласында болды, онда 12 жастағы қыз терезеден құлап кеткен. Тағы бір оқиға Астанада орын алды, онда жасөспірім терезеден құлап, кейін қайтыс болды.

Қайтыс болған балалардың ата-аналары мен қоғам өкілдері балалардың өліміне «Көк кит» ойынының ізбасары – «Қызыл дельфин» атты жаңа өлімге апаратын ойынның ықпалы себеп болуы мүмкін деп санайды.

Алматы полиция департаменті бастапқыда бұл туралы айтуға әлі ерте екенін айтып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Суицидтің барлық ықтимал себептері, соның ішінде 2016 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында «танымал» болған «Көк кит» ойынына ұқсас өлімге апаратын ойындардың ықпалы тексеріліп жатыр.

Дегенмен, 23 қыркүйекте ҚР Ішкі істер министрлігі: «Қазақстандықтардың суицидке бағытталған интернет ойындарына қатысуы анықталмады» деп мәлімдеді.

2.jpg

Марианна Гурина

Қоғам белсендісі, «Ұлағатты Жанұя» қорының жетекшісі Марианна Гурина бұл мәселе бойынша өз пікірін білдірді. Оның ойынша, қайғылы оқиғалардың бірнеше себебі болуы мүмкін. Мұнда «өлім топтарының» ықпалы және мектептегі буллинг те рөл атқаруы ғажап емес. Гурина интернеттен келетін қауіптің бар екендігін де атап өтті:

«Біздің балаларымыз күн ұзақ біреумен байланыста, ал сол біреу оларды басқарып отыруы әбден мүмкін. Қайтыс болған қыздардың ата-аналарының ойынша, ұялы телефондағы ойындардың әсері бар. Бұл ойдан шығарылған нәрсе емес, шындық. Мүмкін, қыздарды біреу шынымен де буллингке ұшыраған шығар. Бұл – ересектердің мәселесі, біз әрдайым балалардың қарым-қатынастарында қиындықтар барын байқамаймыз. Ал жасөспірімдік кезеңде бәрі мүмкін.

Әрине, мұндай жағдай кез келген баланың басына түсуі мүмкін. Ата-аналар баласынан не болып жатқанын сұрауға әрдайым уақыт таба бермейді, ең бастысы — сұрап қана қоймай, баланың шынайы алаңдаушылығын, оның жан дүниесінде не болып жатқанын ести алу керек. Ересектер балаларын тыңдауға, олармен тығыз байланыста болуға тырысуы қажет, олар бізге сеніп айта алатындай жағдай жасауымыз керек. Сонда бұндай жағдайлар болмайды. Бұл – ата-аналарға үндеу».

Қоғам белсендісі мектептерде психологтар бар екенін де атап өтті. Бірақ олардың жұмысының көптігіне байланысты барлық оқушыға көңіл бөлу қиынға соғатынын және сол себепті «қатерлі аймақта» жүрген балаларды анықтау қиын екенін айтты. Сондай-ақ, пубертаттық кезеңде балалардың жақындарына қарағанда бөгде адамдарға ашылуы ықтимал екенін де атап өтті.

Гурина Қазақстанда «111» жедел желісі бар екенін еске салды, оған психологиялық көмек пен қолдауға мұқтаж кез келген адам хабарласа алады.

«Бұл қайғылы оқиға ересектер үшін кезекті ескерту болуы керек, өйткені, өкінішке орай, мұндай жағдай кез келген отбасының басына түсуі мүмкін. Бұл – бізді оятып, қайғының қасымызда екенін түсіндіретін ауыр қоңырау. Егер қазір балаларымызбен жақын бола алмасақ, бұл үлкен алшақтыққа әкеледі және болашақта балаларымызды алда не күтіп тұрғанын білмейміз», – деді құқық қорғаушы.

TikTok-тен келген қауіп

Полицияның мәлімдемелеріне қарамастан, қайтыс болған балалардың ата-аналары, мектеп мұғалімдері мен қоғам белсенділері болған қайғылы оқиғаның себебі «Қызыл дельфин» ойыны болуы мүмкін деп болжайды.

«Бұл ойын Telegram арқылы жүргізіледі, бірақ таратылуы TikTok желісінен басталады. Сонымен қатар, мектептердің айналасында «Сенімен ойнағым келеді» деген шақырулармен және QR-кодтармен флаерлер жапсырылып жатыр. Сондай-ақ, қыздардың 18+ кітаптары табылды, оларды Ozon арқылы сатып алған», – деп жазды бір мұғалім ата-аналар чатына. Бұл туралы Kozachkov offside Telegram арнасы хабарлады.

3.jpg

Нұркен Халықберген

PR-эксперт Нұркен Халықберген өз Телеграм-арнасы Khalykbergen-де TikTok платформасы балалар мен жасөспірімдердің психикасына қауіпті әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл әлеуметтік желі тексерілмеген және деструктивті ақпаратты таратады. Халықберген TikTok-ты қолдануға уақытша мораторий енгізуді ұсынады.

Ол халықаралық зерттеулердің платформалар сияқты TikTok-ты шамадан тыс пайдалану жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайының нашарлауына әкелетінін, мазасыздықты, депрессияны тудыруы және суицидтік ойлардың қалыптасуына ықпал етуі мүмкін екенін дәлелдейтінін айтады. Мысалы, Мельбурн университетінің психологтары жүргізген зерттеулер әлеуметтік желілерге шамадан тыс әуестенген жасөспірімдер «стреске және жалғыздық сезіміне көбірек ұшырайды» деген қорытындыға келген.

Айта кетейік, 23-27 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ата-аналар жиналыстары өтеді. Сондай-ақ, тәулік бойы жұмыс істейтін «111» мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істейді, онда ата-аналар мен балалар психологтар мен заңгерлерден кеңес ала алады.

Ал мектеп мұғалімі Айжан Жанатқызы осы оқиғалардан кейін мектеп әкімшіліктері ата-аналарға үндеу жасағанын айтты.

«Мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар, Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінен «Бізбен ойна!» деген шақыртулар келуі мүмкін. Бұлардың ең қауіптісі: «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин «, «Млечный путь», «U19», «F57″, » SchoolBoy RunaWay -Stealth» және т.б. Қауіп-қатердің алдын алу үшін балалармен жиі сөйлесіп, олардың қандай ойын ойнайтынын бақылауға алыңыздар. Контентті бақылауға алып, балаңыз ойнайтын ойынды үнемі тексеріңіз. Ойынның баланың жасына сай келетінін анықтау үшін рейтингін қарап, шолу жасаңыз, ереже орнатыңыз. Балаңызбен қандай ойындарға рұқсат етілетінін, қайсысын ойнауға болмайтынын талқылаңыз. Ойындарға шектен тыс қызығушылығы артпас үшін уақытпен шектеу қойыңыз. Сыни ойлауын дамытыңыз. Баланы ойын мазмұнын талдауға үйреткен жөн. Ойындарда көрсетілгеннің бәрі шынайы өмірде бола бермейтінін және қауіпті екенін түсіндіріңіз. Балаңызға уақыт арнап, жиі әңгімелесіңіз. Мінез-құлқына мән беріңіз. Балаңыздың мінез-құлқында қандай өзгерістер барын бақылаңыз. Егер ойыннан соң ол ашушаң әрі тұйық бола бастаса, ойнап жүрген ойындарына назар аударып, қатаң тыйым салыңыз. Ата-ана бақылауын қолданыңыз. Қажетсіз әрі орынсыз ойындар мен контентке телефондағы ата-ана бақылауын орнатыңыз. Сыныптағы балалардың ата-анасымен талқылап, өзара тәжірибелеріңізбен бөлісіңіз. Олар қандай ойындарды қауіпсіз деп санайды, соны біліңіз.Балалардың қауіпсіздігіне жауапкеркершілікті арттырыңыз. Бала тәрбиесіне мән беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп, салауатты өмір салтын қалыптастырыңыз», - дейді педагог.

Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер арасында суицид статистикасы

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметтері бойынша 2024 жылдың қаңтар–шілде айларында елдегі суицид оқиғаларының саны 2,1 мыңға жуықтады, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2% төмен. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында балалар арасындағы суицид оқиғаларының саны 112 жағдайды құрады. Бұл мәліметтер Ranking.kz сайтында жарияланды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған «Қазақстан жастары–2022» ұлттық есебінің деректеріне сәйкес, 2022 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдердің саны 2020 жылғы 35 120-дан 2021 жылы 36 286-ға дейін өскен. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 100 000 балалар мен жасөспірімдер арасында 559,5-ті құрады (2020 жылы 100 000 балалар мен жасөспірімдерге 557,9).

Бұл көрсеткіш әсіресе Қарағанды облысында (1084,5), Шымкент қаласында (968,0) және Қостанай облысында (811,2) жоғары.



  • Комментарии
Загрузка комментариев...