Жалпы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізі 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қаланды. 1906 жылы Верныйда Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1 құрылтайы өтіп, оған 100-ге жуық делегат қатысқан.
1943 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтті. Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, оның төрағасы әрі Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидхан сайланды.
Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте орналасқандықтан және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алған жоқ.
Алайда, 1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі Рәтбек Нысанбаев болды.
Бүгінгі таңда ҚМДБ халықтың рухани және әлеуметтік өмірінде аса маңызды рөл атқарып келеді. Діни сауаттылық, рухани даму, патриотизм, азаматтық және отбасылық құндылықтар, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, табиғи апаттардан зарап шеккен және мұқтаж адамдарға көмек көрсету, құмар ойындар мен басқа да әлеуметтік өзекті проблемалар бойынша көптеген жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруда.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Діни басқарманың мерейтойымен құттықтады.
«Дәл осыдан 35 жыл бұрын 12 қаңтарда Алланың қалауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Еліміздегі барша мұсылман жамағатын, дін қызметкерін, ұстаздар мен шәкірттерді мүфтияттың мерейлі 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Діни қызмет – ұлы іс, пайғамбарлардан қалған қасиетті миссия. Ұлы істердің басы-қасында жүрген дін қызметкерлеріне ыждағат пен шынайы ықылас тілеймін.
Мүфтият құрылған сәттен бастап еліміздегі мұсылман қауымының рухани өмірінде айрықша рөл атқарып келеді. Діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесі жамағатты алаңдатқан діни мәселелер бойынша пәтуалар шығарып, мүфтияттың ұстанымын жариялауда. Пәтуа мамандары діни сауалдарға жауап беріп, қаншама ерлі-зайыптылардың ақ некесін сақтап қалуға ықпал етуде.
Халқымыз мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында алғашқы діни білім алып, рухани сусындап келеді. Мүфтият қоғамға әлеуметтік көмек көрсету жағынан да белсенді жұмыс атқаруда. Баспанаға аса мұқтаж мыңдаған отбасыға демеушілердің көмегімен пәтер кілті берілді. Мұқтаж жандар мешіттерден тұрақты көмек алуда.
Діни басқарма жыл сайын отандастарымыздың қажылық парызын шариғат тұрғысынан дұрыс орындауына көмектесіп келеді. Алла Тағала халықтың игілігі мен бірлігі жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан имамдарға мол сауаптан жазғай. Бұл ұлы миссия әрқашан жалғаса бермек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!», – деді Бас мүфти құттықтау сөзінде.
Фото: pexels