
Ислам дінінен православиеге немесе керісінше өзге діннен ислам дініне өткен жандар жетерлік. Мәселен, Қазақстанда статистика бойынша әр оныншы қазақстандық дінін өзгертіп, екі пайызға жуығы бір конфессиядан екіншісіне өтеді.
Сауалнама көрсеткендей, адамның белгілі бір дінді таңдауына қоршаған ортасы әсер етеді, олар: туыстары, достары, көршілері. Екінші орында арнайы әдебиет пен интернет ресурстардан алынған мәліметтер, сондай-ақ өз-өзін рухани тұрғыда іздеу жұмыстары тұр. Адам белгілі бір қиындыққа тап болғанда, тығырыққа тірелгенде діни наным-сенімі күшейіп, Құдайға жақындайды.
Біз ислам дінін және христиан дінінің православие бағытын қабылдаған әлемге танымал жандардың тізімін жасадық.
Мұхаммед Әли
Адамзат тарихындағы ең әйгілі боксшылардың бірі де бірегейі Мұхаммед Әли католиктер отбасында дүниеге келген. 1964 жылы мұсылман дініне өтіп, Мұхаммед Әли деген мұсылман есімін алды. Лос-Анджелестегі Даңқ Аллеясына есімі жазылғанда ол пайғамбар есімі аяқтың астына тапталмауы үшін жұлдызды қабырғаға ілуді сұраған.
Зинедин Зидан
Әйгілі француздық футболшы әрі жаттықтырушы, «Ювентус» пен «Реал Мадридтің» аңызға айналған ойыншысы мұсылман. Оның ата-анасы Алжир тумасы, ислам дінінің өкілдері. «Әр адамның ішінде қастерлі нәрсе бар, оны ұмытпау керек. Мен мұсылманмын. Дінсіз қалай өмір сүруге болатынын түсінбеймін», - дейді Зинедин Зидан.
Майкл Джексон
Майкл Джексон Иегово куәгерлері отбасында тәрбиеленген. Халыққа таныла бастаған тұсында аталған діни ұйымның жиналыстарында бой көрсеткен. Майкл Джексон қайтыс боларынан бір жыл бұрын ислам дінін қабылдап, аталған деректі құпия ұстаған. Майкл Джексонның өтінішімен мешіттен имам шақырылып, әйгілі әнші мұсылман дінін қабылдаған.
Жерар Депардье
Француз актері рухани тұрғыда көп ізденді. 1960 жылы ислам дінін қабылдап, кейін буддизмге өткен, одан соң индуизм дінін қабылдады. Жерар Депардье Рим-католик шіркеуіне деген қызығушылығын жасырмаған, алайда католик шіркеуіндегі литургияның ұнамайтынын да айтқан. Кейін православие шіркеуінің діндарымен байланысқан соң, 2020 жылы православиеге өткен. Шоқындыру рәсімі Париждегі Әулие Александр Невский шіркеуінде өтті.
Кэри-Хироюки Тагава
Жапон актері Кэри-Хироюки Тагава 2015 жылы православиені қабылдады. Актердің сөзінше, православиені қабылдау шешіміне бірден келмеген. Алты жасында Тагаваның отбасы Жапониядан Америкаға көшкен. Ата-аналары жан тыныштығы үшін христиандықты қабылдап, буддизм мен синтоизмнен шығуға шешім қабылдаған. Апта сайын актер ағасымен бірге жексенбілік мектепке барған.
Милла Йовович
Голливудтың атақты актрисасы Киевте дүниеге келіп, АҚШ-қа көшкен. Орыс тілінде жақсы сөйлейді. «Мен туғанымнан орыс православиясына жатамын, алайда махаббат пен руханилық иісі аңқыған кез келген шіркеуге барамын», - дейді Милла. 2015 жылы әйгілі актриса Лос-Анджелестегі православие шіркеуінде кіші қызы Дашиельге шоқындыру рәсімін өткізді.
Суреттер: ашық дереккөздерден