БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-сессиясында Халықаралық қарттар күні жарияланды (1990 жылғы 14 желтоқсандағы резолюция). Сөйтіп, 1991 жылдың 1 қазанынан бастап бұл күн жыл сайын атап өтіледі.
БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясында БҰҰ Қарттық проблемаларына арналған мақсатты қорына түсетін жарналардың азайғаны, сондай-ақ әлем халқының қарқынды түрде қартаюы атап өтілген. Сонымен қатар, қарт адамдар қоғамның даму процестеріне елеулі үлес қоса алатыны да көрсетілген.
Елімізде 60-ты алқымдаған, бірақ, жасына қарамастан белсенді еңбек ететін адамдар көп.
Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, белгілі пианист Жәния Әубәкірова бүгінде – 67 жаста. Ол күрделі компазицияларды орындап, жеке концерттер беруін жалғастыруда, халықаралық пианистік конкурстарда төрешілік етеді, әлемнің түкпір-түкпірінен бірлескен концерттерге шақыртулар алып, өзінің авторлық мектебін басқарады.
Өнертанушы Баян Барманқұлова – 82 жаста, ол Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде экскурсиялар өткізеді, өзінің жиен немересі Алуа Барманқұлованың «ART'S» авторлық бағдарламасының жазбасына қатысады, онда ол Қазақстан суретшілерінің туындыларына деген өзінің көзқарасымен бөліседі.
Владимир Казенас – 83 жаста, бұрын ол ҚР Ғылым академиясының Зоология институтында энтомология зертханасын басқарған, ғылым үшін жаңа саналатын ондаған жәндіктер түрін ашып сипаттаған. Биология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Лонгиновичтің фотосуретке деген шынайы құмарлығы бар. Ғалым-гимноптерологтың фотосуреттерінің кейіпкерлері – «жарғаққанаттылар» отрядының өкілдері – құмырсқалар, аралар, бал аралары, шмелдер және басқа да жәндіктер.
Валерий Гульбис биыл 75 жасқа толады, 69 жасынан бастап скрипкада ойнауды үйренуге бел буып, бұл істе жақсы нәтижелерге жетуде. Оның екінші құмарлығы – сурет салу. Оның жұбайы Яна – 69 жаста, ол өзінің әдеби эссе жинағын баспаға дайындады. Валерий мен Яна қазіргі уақытта Латвияда тұрады.
Мұндай мысалдар көп. Осы жасқа жеткенде белсенділік пен креативтілікті қалай сақтауға болады? Көптеген адамдар биохакинг сияқты жаңа тәсілдерді зерттейді. Бірақ, бәлкім, әр адамның 60 жастан асқаннан кейін де белсенділігін және денсаулығын сақтаудың өзіндік әдісі болуы мүмкін?
Алматы қаласындағы Вознесенск соборының когнитивті психотерапевті, физиолог-психолог Виктория Левинаға 60-тан асқан клиенттер сирек келеді, әдетте оған 17 жастан жоғары адамдар әртүрлі мәселелермен жүгінеді.
Ал 60-тан асқан адамдарға келетін болсақ, маманның пікірінше, психологияда жасты күнтізбелік, биологиялық, әлеуметтік және психологиялық жас деп бөледі. Виктория Левинаның айтуынша, бұл жас типологиясы адамдарға өте жеке қатысты болуы мүмкін. Адам 70 жасында мүлдем сау болып, оның физиологиялық жүйесі 50 жастағы адамның деңгейімен салыстырылуы мүмкін. Және ол психологиялық тұрғыдан әлі 70 жастағы даналық күйіне жетпеуі мүмкін.
«Әлеуметтік жас та маңызды, өйткені сен өзіңді қалай сезінсең де, қоғам бізді күнтізбелік жасымыздың контексінде болуға итермелейді», – дейді психолог.
Маман қазіргі кезде медицина мен жаңашылдықтардың дамыған дәуірінде, түрлі технологиялар, органдарды протездеу мүмкіндіктері, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, жүрек ырғағын реттегіштерді орнату сынды дүниелер бар екенін айтады.
«Мұнда өз жасыңа сай болу, осы өзгермелі, өте жылдам әлемді қабылдап, өмірге қуана білудің психологиялық кемелдігін сақтау маңызды», – дейді Виктория Левина.
Дегенмен, ақпарат көздерінің шексіз көптігі мен қолжетімділігі қарт адамдардың тәлімгерлік мүмкіндіктерін азайтады.
«Иә, адам қазіргі заманның мына мәселесіне тап болуы мүмкін: ақпараттық ағынның көптігі мен кез келген ақпаратты Google, Yandex және басқа іздеу жүйелерінен табу мүмкіндігіне байланысты, өкінішке қарай, қарт адамдардың өмірлік тәжірибесі жас ұрпаққа енді онша қызық та, құнды да емес. Оның үстіне, барлық ақпарат өте жылдам өзгереді – жалпы адамзаттың дамуы туралы ғылыми деректер де тез жаңарады. Сондықтан қарт адамның өмір бойы жинаған дағдылары тез ескіріп қалады. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қарт адамның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу қажеттілігі төмендеп барады. Оның орнына жас блогерлер келеді, олар өздері де өмірді әлі білмейді, бірақ, құрдастарына, тіпті, өздерінен әлдеқайда үлкен адамдарға үйретеді», – дейді психолог.
Сонымен, егер қарт адамдардың өмірлік немесе кәсіби тәжірибесі жас ұрпаққа қызық болмаса, олардың өздері үшін бір нәрсені аяқтап, осы әлемге толығымен қызығушылық таныту мүмкіндігі бар.
«Ән айту, сурет салу, би, мүсіндеу, пианино ойнау секцияларына жазылуға болады. Яғни, өмір бойы армандаған нәрсені орындауға, осы берекелі, кереметті жаста жүзеге асыруға болады. Қазақстанда, әсіресе, Алматыда біздің керемет табиғатымыз бар – тауларымыз, көлдеріміз, бай өсімдіктер әлемі, пейзаждар мен ландшафттар. Белсенді, бақытты өмір сүруге болады. Егер біз осы өмірге араласып, қуаныш алып жүрсек, біз жас ұрпақ үшін үлгі боламыз, өйткені оларды да қарттыққа жету күтіп тұр. Жастар қарттықтан қорықпауы үшін қарт адамдар олардың қасында көңілді, қуанышты және бақытты болуы керек», – дейді Виктория Левина.
Психолог ересек адамдардың өмірінде жіберіп алған қызығушылықтарын табу мүмкіндіктеріне назар аударады.
«Біз бәріміз мамандық аламыз, кейін жұмыс істеп, балаларымызды тәрбиелейміз, ал кейбір хоббилеріміз ұмытылып қалады. Мұның бәрін толықтырып, миды атрофияға ұшыратпау үшін әрдайым жаңа ақпарат алып, дамып отыру қажет», – дейді маман.