14 наурыз – Көрісу күні | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

14 наурыз – Көрісу күні

22
3 минуты
14 наурыз – Көрісу күні
Көрісу күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Адамның адаммен, жылдың жылмен, қауышқан шағы. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен жүздесіп, жағдай сұрасады.

Көрісу күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, араздықтары болса, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, амандық-саулық тілейді. Жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе, бірінші ретте құдайы көршіге кіріп шыққан абзал.

Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан.

«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.

Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 

14 наурыз күні таң ата бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді.

Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. 

Көрісе келген адамдар көрісіп шыққан үйдің дастарханынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа немесе таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарханға шақырады. 

Біреуге қарыз болса, қарызын осы күнге дейін беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, бет сүйісіп көріседі.

Фото: kartinkof.club

  • Комментарии
Загрузка комментариев...