Қазақстандық суретші, монументалды мүсінші Дәурен Досмағамбетов үшін Қытайда болу бұрын-соңды беймәлім әлемді ашқандай әсер қалдырды: «Онда бәрі біздің көзімізге өте өзгеше көрінеді». Дәурен Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Қытай елдерінен келген алты суретшімен бірге Қытайдың ұлттық өнері мен дәстүрлерін зерттеді.
Шаньдун провинциясының Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінен келген шеберлерге арнайы мәдени іс-шаралар өтті. Симпозиум аясында алты суретші өнер туындыларын жасап, өнер арқылы «диалогқа» қатысып, Қытай мен ШЫҰ елдері арасындағы мәдени алмасу мен өзара түсіністікті нығайтуға өз үлестерін қосты.
Дәурен Досмағамбетовтың пікірінше, әлем кішірейіп кеткендей көрінеді:
«Қытайда бәрі біркелкі емес, көпмағыналы. Қазіргі заманғы белгілер мен таңбалармен қатар, ежелгі мотивтер де бар. Қытайлықтар ештеңені ұмытпайды. Жалпы олардың жады мықты – бізден әлдеқайда жақсы. Қазіргі заманға дейін не болғанын, қазір не болып жатқанын сақтап, болашақтағыны да есте сақтайды. Сондықтан Қытайда әртүрлі дәуірлердің бірегей дүние аясында бірігіп жатқанын көру өте қызық. Маған ескі технологиялар мен образдардың қазіргі оқылуы қатты ұнайды».
Дәурен өз шағын әлемінде, шеберханасында да образдар мен мотивтерді біріктірумен айналысады:
«Мүсін шеберханасы өте лас, бірақ өте көңілді. Тәртіпсіздік болғанымен қызықты».
Алматылық мүсінші үшін Шаньдун провинциясының шығысындағы, Сары теңіз жағасындағы Циндаоға бару қызықты болды:
«Симпозиумға қатысу маған өте қызық болды. Әдемі қала, керемет адамдарды көрдім».
Симпозиум қатысушылары қытайлық мүсінші, шамамен 70 жастағы Чжан мырзамен танысты:
«Қызықты мүсінші, жаңашыл. Ол заманауи материалдар мен пішіндерден қорықпайды».
Дәуренді 42 шақырымдық шығанақ үстінен салынған көпір қатты таңғалдырды:
«Бұл ақылға қонымсыз, ғажайып еді. Көпірмен жүріп бара жатып, мен қатты таңғалдым: адамдар жай ғана шығанақтың үстінен жол салып, қаланың қозғалысын қысқартқан. Циндао – шексіз ұзын қала».
Дәуреннің айтуынша, әртүрлі елдердің суретшілерімен жұмыс істеу үлкен ләззат сыйлады:
«Бәріміз бір академиялық мектептің өкілдеріміз. Қытайлық та орыс академиялық мектебіне жақын. Менің ата-анам, мүсіншілер, Репинкада (И. Е. Репин атындағы Санкт-Петербург кескіндеме, мүсін және сәулет институты) оқыған. Олардың курстарында қытайлық суретші Цао Шэнь Чэн болған. Кейін ол Бейжің өнер академиясында мүсін профессоры болды (1999 жылы қайтыс болды). Сондықтан мектеп – бір. Біздің оқыған бағыттарымыз бір-біріне ұқсас. Мектептердің дәстүрлерге сай қалай өзгергенін көру қызықты болды».
Симпозиум барысында Дәурен өзінің шығармашылығында қолдануды жоспарлаған жаңа қызықты идеяларды тапты. Оның айтуынша, мұндай симпозиумдарда адамдар ерекше идеяларды жүзеге асырған:
«Бір қызығы, бәрі бірге жұмыс істегенде, жұмысқа ұзақ уақыт жұмсалмайды. Жеңілдік пайда болады. Өнердегі бұл жеңілдік өте құнды екен».
Дәурен Досмағамбетов Мёбиус лентасы пішініндегі мүсін жасауды жоспарлады:
«Шексіздік бейнесі ретінде ол Жібек жолы керуенін көрсетеді. Лента жерді орап, бастапқы нүктесіне оралады».
Мүсіншінің ойынша, бұл – екі лента, біріншісі – қалалар мен ғимараттар, ал екіншісі – керуен. Алайда, екі күн ішінде бұл ойды жүзеге асыру қиынға соқты. Даурен бұл идеяның әлі де жүзеге асырылатынына сенеді:
«Біз эксперимент жасап, мүсін жасаймыз. Сосын теңіз жағасында екі материалдан жасалған үлкен мүсінді орнатамыз».
«Мысалы, бұл Мёбиус лентасы қола мен алюминийден жасалады. Архитектуралық элементтерді бір материалдан, мүсіндік бөлігін екінші материалдан жасаймыз. Және бұл жұмысқа Жібек жолы өткен барлық елдердің суретшілері қатысады. Әрқайсысы өз елінің керуенін, символдық архитектурасын, ұлттық менталитеті мен түсінігін көрсетеді».
Суретшілерге заманауи материал ұсынылды. Дәуреннің айтуынша, бұл мүлдем таныс емес, жаңа пластификатор түрі болды.
«Қытайлық мүсінші болашаққа қарай ұшқан пойыздың мүсінін жасады. Бұл өте символикалық көрінеді».
Жібек жолы елдерінің атынан қатысқан алты суретшінің жұмыстары Қытайдағы ШЫҰ ғимаратында қалды.
Сурет Дәурен Досмағамбетовтың жеке мұрағатынан