Әділхан Ержанов: Стриминг сериалдары сапа деңгейін көтереді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Әділхан Ержанов: Стриминг сериалдары сапа деңгейін көтереді

1164
8 минут
Әділхан Ержанов: Стриминг сериалдары сапа деңгейін көтереді
Әңгімелескен Константин КОЗЛОВ, Аударған Айдар Урисбаев.


Сегіз жыл бұрын Әділхан Ержанов отандық кино саласында «бүлікші» атағына ие болған. Ол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы режиссердің «Қожайындар» фильмін қатты сынаған еді.

Осы уақыт аралығында Әділхан авторлық киноның үздік режиссерлерінің біріне айналды. Оның "Голиаф" толықметражды фильмі прокатта көрсетіліп, «Бастау» кинофестивалінде «Адемоканы оқыту» картинасы таныстырылды. Ал жақында ресейлік стриминг платформаларының бірінде ол түсірген «Замерзшие» сериялының көрсетілімі басталады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Әділхан Ержановтың өзінен сұрап, оның шығармашылығы мен туындылары жөнінде әңгімелесуді жөн көрдік.

– Әділхан, сенің есімің тек авторлық, атрхаус киноларымен тығыз байланысты еді. Сериал түсіруге не түрткі болды?

– Болашақ – стримингтік платформалардың еншісінде (қазірің өзінде солай). Телесериалда жол берілмейтін және оның үлгісіне сәйкес келмейтін заттар стриминг сериалдарына жақсы келеді. Ал нақты менің туындыма келер болсақ, жобаның продюсерлері Иван Самохвалов пен Максим Иванов бұған дейін менімен тікелей жұмыс істеген, көркем шығармашылық тәжірибеге дайын. Олар үшін жай ғана коммерциялық тауар емес, көркем шығарма жасау маңызды болды. Ауысымдар да жеткілікті болды, сценариге де мұқият қарадық. Сол үшін маған жеңіл болды. Стримингтік платформаларға арналған сериалдар сапалы жұмысты қажет етеді, сонысымен де ерекше. 70-80 ауысымда жеті сериалы фильм түсіру мен 40 ауысымда 30 сериалы жоба түсіргеннің айырмашылығы үлкен. Стриминг сериалдары сапа деңгейін көтереді. Ал теледидар бұл тұрғыда жиі артта қалып жатады.    

– Жақында кинопрокатта «Голиаф» фильмі сәтті көрсетіліп шықты. Неліктен билиялық әңгімені таңдадың?

– Маған сюжеттерімді библиялық мотивтермен байланыстыру оңай. Мен бұл астарлы әңгіменің басымдықтарын қайта қарастырдым және менің басты кейіпкерім библиалық әңгімедегідей – Давид емес, оған қарсы кейіпкер – Голиаф. Голиаф қоғам үшін Давидке қарағанда ұнамды болып шығады. Данияр Алшынов кейіпкерінің жеңілгенін ешкім қаламайды – ол бәріне тиімді, бәріне қажет.

– Бұрын сен кинопрокатқа қызықпайтын едің, фильмдерің тек фестивальдерде шығатын. Ал соңғы уақытта сенің туындыларың кинотеатрлардан жиі көрсетілуде.

– Мен қазір де қызықпаймын. Қуанышымызға орай, стримингтік платформалар пайда болды. Ол жерде кез келген адам қалағанын көре алады. Ал продюсерлер мен прокатшылар фильмнің табысына қатысты бас ауыртпайды. Ол жерде жанрдың үстемдігі жоқ, кез келген адамның талғамына сай фильмдер мен сериалдар бар. Бір ғана жетіспеушілік – әрине, үлкен экранның болмауы.   

– Пандемия өршіп тұрған уақытта «Сары мысық» (Желтая кошка) фильмін ұсындың. Көптеген адамдар оның стилистикалық жағынан «Әлемнің нәзік немқұрайлығы» (Ласковое безразличие мира) және «Қожайындар» фильміне ұқсайтынын байқады. Жалпы, сюжеті де ұқсас – кішкентай адамдар бұл әлемнің әділетсіздігімен күресуге тырысады...

– 1989 жылғы «Сделано в Лос-Анджелесе» деген фильм бар. Сюжет бойынша, алаяқтар банк тонауды жоспарлайды, ал полицей олардың жолын кесуге тырысып, араларында текетірес туындайды. Екі кейіпкер фильмнің ортасында кафеде кездесіп, бір-бірін таниды. Соңында бірі екіншісін өлтіреді. Оның сюжеті 1995 жылғы «Схватка» фильмімен бірдей. Екеуін де бір режиссер Майкл Ман түсірген, бірақ екеуі мүлдем екі бөлек туынды. Сюжеті бірдей, стилистикасы ұқсас болғанымен, ешкім екеуі де бір фильм деп айта алмайды. Сондықтан құрылымдық жағынан ұқсаса, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Орындаущылықтың арқасында екі түрлі фильм жасап шығуға болады.   

«Сары мысық» та, «Әлемнің нәзік немқұрайлығы» да – әрдайым қашуға, қиын жағдайларды өткеруге мәжбүр Бонни мен Клайд оқиғаларының түрленген нұсқалары. Егер байқап қарасаңыз, бұл фильмдердің идеялары әртүрлі екенін көресіз. «Әлемнің нәзік немқұрайлығында» кейіпкерлер нуар жанрының заңына сәйкес, бір рет қателікке бой алдырғаннан кейін шартты жұмақтан қуылады. Одан ары қылмысқа барады, соңында өздерінің толықтай адамгершілік құлдырауына жетіп, өледі. Адамдардың үлкен қалада немесе үлкен өмірде өздерін қалай жоғалтып алатыны туралы қайғылы оқиға.

Ал «Сары мысық» – керісінше, кейіпкерлердің жеңісі. Олар моральдық тұрғыда дамып, еркіндікке жетеді, әлемдегі барлық адамдар сияқты болмауға шешім қабылдайды. Олардың батыл санасы барлық қарақшылардың санасынан гөрі жетілген болып шығады. Яғни, «Әлемнің нәзік немқұрайлығы» – адамдардың өз өмірін жақсартуды армандап, қайғылы жағдайға душар болып жатқанын көрсетсе, «Сары мысық» – бұл арманның барлығынан жоғары екенін жеткізеді. Сондықтан мен оларды екі түрлі фильм мен екі түрлі идея деп санаймын. «Сары мысық» – оптимистік, ал «Әлемнің нәзік немқұрайлығы» – пессимистік.

news4831.jpg

– Сәтсіз шыққан фильмдерді атай аласыз ба?

– Әр фильм мен үшін қымбат. Шығармашылық мақсатқа толық қол жеткізу әрдайым бола бермейтін жетістік. Бұл тұрғыда мен «түнгі Құдай» фильмін белгілі бір сәтсіздік деп атай аламын. Мен одан ғаламат туынды жасаймын деп ойладым. Көркем образдар тұрғысынан да ол керемет болатын. Бұл іс жүзінде суретші Ермек Өтегеновтың бенефисі. Фильмнің барлығы дерлік арнайы салынған декорацияларда түсірілді. Шағын пәтер-хрущевка, киіз үй, телестудия, шіркеу және жер асты баспанасы – барлығы құрастырылған декорациялар. Біз «Қазақфильмде» тұтас көшені салдық және киностудияның жанында тұрған Петропавл соборы оған әдемі үйлесеті. Бірақ мен сценаримен толық жұмыс істемеген сияқтымын. Фильм өте көркем, бірақ тым абстрактылы, қатаң сюжет жоқ. Суретшілердің, актерлердің жұмысына келер болсақ, бәрі керемет. Бірақ әдеттегідей, бірдеңе дұрыс болмаса – режиссер ғана кінәлі.

– Өзің құлақ асатын сыншылар бар ма?

– Марқұм Бауыржан Нөгербектің пікірі мен үшін әрдайым бағалы еді. Қазір үнемі Олег Михайлович Борецкийдің пікіріне құлақ асамын. Оған өз фильмдерімді көрсетіп отыру маңызды. Ол өте зиялы адам, бір жаманы, ойын тіке айта салмайды. Дегенмен, неге назар аудару керектігін аңғартады.

Ал хейтерлерге қалай қарайсың?

– Барлығына назар аудару керек, арасында оларды тыңдаған жөн. Кейде адамға созылған көріністер ұнамайды. Сосын ол созылмаған, қалыпты ғой деп ойлана бастайсыз. Кейін көрерменнің фильмді асығыс көргенін, нақты не ұнамайтынын түсінбегенін ұғасыз. Ондай да болады. Оған әлдеқайда күрделі нәрселер ұнамайды. Мысалы, ол фильмнің шарықтау шегі кеш болғанын түсінбеді және оны қотыра алмады. Содан кейін ол «созылып кеткен көріністер» туралы айтады. Мен режиссер ретінде бұл сөздерді елемеуім де мүмкін, бірақ тыңдап, расында не ұнамағанын түсінуге тырысуға болады. Мәселен, көрерменге оның айтып тұрғаны емес, басқа нәрсе ұнамауы мүмкін. Бұл іш ауыруы сияқты. Ішің ауырғандай болуы мүмкін, бірақ расында жүрегің ауырып, ауырсыну асқазан арқылы сезіліп жатады. Фильмдермен де солай. Кез келген көрермен сауатты. Тек, тіс дәрігері драматургияны білмей, өзіне ұнамайтын нәрсені дұрыс түсіндіріп бере алмауы мүмкін.


Источник -  kaz.nur.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...