Донор болуға діндер не дейді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Донор болуға діндер не дейді

59
7 минут
Донор болуға діндер не дейді
Донорлық (donare латынша - сыйлау) дегеніміз – қанға мұқтаж ауруға адамның өз қанын немесе компоненттерін ерікті түрде беруі. Тіпті медициналық препараттар жасау үшін де донорлардың қаны пайдаланылады.

Донор ажалмен арпалысып жатқан жанның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосады. Алайда донордың өз денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс.

Әлем бойынша басты діндер донорлыққа қалай қарайды? Біз үңіліп көрдік.

Донорлыққа ислам не дейді?

Медицина саласында күн сайын жаңа ашылулар жасалып, жаңа зерттеулер жүргізіліп, адамдардың игілігі үшін жаңа қызметтер көрсетілуде. Алла Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) бір хадисінде медицинаның үнемі дамып отыратынын және бір күні барлық ауруларға ем табылатынын айтып өткен. Тек екі нәрседен басқаның шипасы бар, ол: қарттық пен өлім. Қарттық пен өлімнен ем болмайды. Бір хадисте Алла Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) медициналық зерттеулерді қолдап, былай деген: «Алла тағала ешбір ауруды емсіз жаратпады. Егер бір жерде ауру бар болса, міндетті түрде оған дауа бар. Ең бастысы, адам үмітін жоғалтпай, емді іздеуді жалғастырсын».

Солардың бірі – орган трансплантациясы. Адам өмірі тұрғысынан қарағанда, орган трансплантациясының маңызы зор. Өйткені бұл әдіске балама жоқ. Егер балама болғанда, орган трансплантациясының қажеті болмас еді. Орган трансплантациясы салыстырмалы түрде жаңа және баламасы жоқ әдіс болғандықтан, кейбір ғалымдар оған теріс көзқараспен қарайды. Дегенмен, қазіргі Ислам ұйымдары мен институттары белгілі бір шарттарды сақтай отырып, орган трансплантациясын рұқсат етілген деп санайды. Мысалы, әл-Азхар университетінің пәтуа комиссиясы, Ислам конференциясы ұйымының фиқһ академиясы және Кувейттің дін істері министрлігі бұл туралы пәтуа шығарып, онда: орган трансплантациясы тірі адамнан да, қайтыс болған адамнан да рұқсат етіледі деп айтылған. Қайтыс болған адамнан орган трансплантациясының рұқсат етілуі үшін мынадай шарттар сақталуы керек: Тәжірибелі дәрігерлер трансплантация науқастың сауығуының жалғыз жолы деген шешім шығару керек. Дәрігерлер орган трансплантациясы науқасқа көмектесетініне сенімді болуы тиіс. Қайтыс болған адам қайтыс болмай тұрып, өз органдарын өлімінен кейін трансплантациялауға рұқсат еткен өсиет қалдыруы тиіс. Донордың өлімі медицина және дін тұрғысынан расталуы қажет. Донорлық органдарды сатуға немесе оларды кез келген нәрсеге айырбастауға болмайды. Қайтыс болған адамның органдары трансплантацияланатын адам өзінің келісімін білдіруі керек.

Ал тірі адамнан орган трансплантациясына қатысты мына шарттар сақталуы тиіс: Дәрігерлер донордың денсаулығына зиян келмейтінін растауы қажет. Донордың өміріне қауіп төндірмейтін жағдайларда ғана орган алынуы тиіс. Органдар сатылмауы керек және өзге материалдық мүдделер көзделмеуі тиіс.

Донорлыққа православие не дейді?

Христиандық жерлеу рәсімінде Шіркеу қайтыс болған адамның денесіне тиісті құрмет көрсетеді. Алайда қайтыс болғаннан кейінгі орган мен тіндердің донорлығы өлімнен кейін де жалғасатын сүйіспеншіліктің көрінісі болуы мүмкін. Мұндай сый немесе өсиет адамның міндеті ретінде қаралмайды. Сондықтан донордың өмірінде өз еркімен берген келісімі трансплантацияның заңды және моральдық тұрғыдан қабылдануының шарты болып табылады. Егер дәрігерлерге донордың еркі белгісіз болса, олар өлім алдындағы немесе қайтыс болған адамның туыстарынан оның ниетін анықтауы керек. Кейбір елдердің заңдарында бекітілген, донордың өз органдары мен тіндерін алуға үнсіз келісім беру презумпциясын Шіркеу адам бостандығының өрескел бұзылуы деп санайды.

Буддизм және донорлық

Буддизм донорлықты қолдайды.

Қытайдың Хуацяо университетінің психологтары буддизм қағидаларын ұстанатын адамдар қан тапсыруға басқаларға қарағанда көбірек бейім екенін анықтады. Бұл туралы олар Journal of Applied Social Psychology журналындағы мақаласында жазды.

Буддизм сенім жүйесі адамдарды альтруистік әрекеттерге ынталандырады, мейірімділікке ерекше мән беріп, жақсы әрекеттердің жағымды салдары болатынын, ал жаман әрекеттердің кері әсер ететінін үйретеді. Ғалымдар буддизмге адалдық адамның әрекеттерінің моральдық жағына көбірек көңіл бөлуіне және өзгелерге пайдалы іс-әрекет жасауына ықпал етуі мүмкін деп болжап отыр.

Зерттеушілер 508 еріктіні сұрастырып, олардың буддизм қағидаларына қаншалықты жақын екенін, өз-өзін бақылауға және іс-әрекеттерінің моральдық аспектілеріне қаншалықты назар аударатынын, сондай-ақ қан тапсыруға қаншалықтыдайын екендерін анықтады. Буддизм көзқарасына жақын респонденттер донор болуға көбірек келісетінін көрсетті.

Ғалымдар донорлық пен қайырымдылықты насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларға буддизм қағидаларын қосуды ұсынады. Мұндай жарнамаларда діни аспектілерге тікелей жүгінуге немесе моральдық жақтарына назар аударуға болады. Алайда бұл нәтижелердің басқа мәдениет өкілдеріне қаншалықты сәйкес келетіні әлі белгісіз.

Қазақстанда кімдер донор бола алады?

Жасы он сегізге толған кез келген азамат не азаматқа донор бола алады. Жасы алпыстан асқандар да қан тапсыру мүмкіндігіне ие. Қан тапсырар алдында дәрігер әр донордың денсаулығын жіті тексерістеп өткізеді. Созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруы, инфекция, В, С гепатиті, сүзек, АИТВ, эндокриндік аурулармен, қант диабетімен ауыратын жандар донор бола алмайды.

Қазақстанда өз еркімен қан тапсырғандарға күш-қуатын қалпына келтіру үшін 0,25 АЕК (923 теңге) ақша төленеді. Сонымен қатар, екі күн демалысқа анықтама беріледі.

«Қан тапсырар алдында мынаны білу керек:

ҚР ДСМ Бұйрығы негізінде донорларды қабылдау жеке басын куәландыратын құжаттар немесе мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін әскери есепке алу құжаты болған кезде ғана жүзеге асырылады. 18 жасқа толған тұлғалар донор болуы мүмкін. Донордың салмағы кемінде 55 кг болуы тиіс.

Донациялау күндері және қан және оның компоненттерін тапсыру күнінен бір күн бұрын донорларға:

• майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар, сүт өнімдерін жеу
• процедураға дейін екі тәулік бұрын ішімдік ішу
• процедураға дейін үш тәулік бұрын аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдау
• процедураға дейін кемінде бір сағат бұрын темекі шегу ұсынылмайды

Донор барлық бұрыннан бар немесе ауырған аурулар туралы өзінде бұрыннан бар немесе ауырған аурулар туралы, сондай-ақ есірткі затттары, психотроптық заттар және прекурсорларды пайдалану туралы осы мәліметтердің барлығын хабарлауға міндетті», - делінген Egov сайтында.

Ал сіз донор болуға дайынсыз ба?
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также