
Ғалымдар ыстық күннің адам ағзасына әсер ететінін баяғыда-ақ зерттеп тастады. Адамдар +30-дан жоғары температураны әрең көтереді. Бұл бірден бірнеше жағымсыз жайтқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Әңгіме тек жүрек-қан тамырлары жүйесі жайлы емес.
«Жоғары температура ұзақ уақыт бойы сақталса, ол ағза жұмысының бұзылуына әкеледі. Ыстық кезінде терморегуляция орталығы тер темірлерін іске қосады. Денеден шыққан ылғал оны суытып тұрады. Тердің тоқтамай ағуы денедегі сұйықтықтың азаюына әкеледі. Егер сіз суды аз ішсеңіз, ағза жойылған ылғалдың орнын толтыра алмай, нәтижесінде сусыздық пайда болады. Су-тұз балансының бұзылысы басталады.
Сондай-ақ сіз терлеген кезде ылғалмен бірге пайдалы микроэлементтер де жоғалады, магний, натрий, калий деңгейі төмендейді. Бұл пайдалы заттарсыз ми мен жүрек жұмысы бәсеңдеп, жүйке жүйесінің жұмысы нашарлайды. Ұзақ уақыт бойы жылудың салдарынан жүйе істен шығып, жылу соққысы беріледі. Тыныс алу жүйесінің жұмысы нашарлап, физикалық және психикалық жай-күй зардап шегеді», - дейді Алматы қалалық перинаталдық орталығының психологы Гүлнара Дощанова.
Сондай-ақ ыстық ауа райының адам миының когнитивті қызметіне де кері әсері бар. Басшылардың сөзінше, ғимарат ішіндегі ауа райы 24 градустан жоғарылаған кезде қызметкерлердің тиімділігі төмендейді. Ақыл-ой жүйелері нашарлап, ұйқышылдыққа тап болып, бір нәрсе істеуге деген ынтадан айырылады.
«Біздің миымыз бейімделгіш, алайда оның белгілі бір шектеуі бар, соның нәтижесінде қызметі төмендейді. Ыстықты ол стресс ретінде қабылдайды. Ғимарат іші қапырық болғанда қан циркуляциясы нашарлап, пайдалы заттардың жетіспеушілігі байқалады, оттегі жетіспейді, гипоксия басталады. Нәтижесінде ойлау жүйесі тежеліп, есте сақтау қабілеті мен назар нашарлайды. Бұл тек кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлерге ғана қатысты емес. Сондай-ақ ыстықты студенттер мен оқушылар да көтере алмай жатады. Олар әлсіреп, ұйқышылдыққа ұшырайды, ақпаратты ауыр қабылдайды. Одан бөлек, ыстықта баланың белсенділігі төмендейді», - дейді Гүлнара Дощанова.
Ыстық ауа райы нәтижесінде ағзада стресс гормоны кортизол деңгейі көбейеді. Оның әсерінен жүрек соғысы жылдамдап, лоқсу белгісі пайда болады. Адам депрессияға түсіп кетуі мүмкін.
«Ыстық ауа райы адамның психикасына кері әсер етеді. Депрессияға, мазасыздық күйге бейім адамдар үшін қиын. Ыстық ауа райы кезінде өз-өзіне қол жұмсайтындар саны көбейетіні дәлелденген. Психикалық ауытқуы бар адамдар «ыстық күн синдромына» шалдыққан, олардың бойында ашу пайда болады. Басқалар да өз сезімі мен іс-әрекетін бақылай алмайды. Дәл осы ыстық күнде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейгені анықталған», - дейді дәрігер.
Сондықтан да бұндай уақытта көшеге көп шықпауға тырысқан жөн. Өйткені ыстық күннің ағзаға кері әсері ғылыми тұрғыда дәлелденген.
«Қауіпті топ қатарына қарттар, балалар, жүрегі ауыратын, қан қысымы дерті бар, артық салмаққа ие адамдар жатады. Эндокриндік жүйесі бұзылған, алкогольге жақын, бүйрегі ауыратын, екіқабат әйелдер мен тыныс алу жүйесінде ақауы бар жандар да қауіпті топ қатарында», - деді Гүлнара Дощанова.
Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғайсыз?
Әлбетте, ыстықтан түбегейлі қорғану мүмкін емес. Алайда «сақтықта қорлық жоқ», белгілі бір ережелер арқылы сақтанып жүргеніңіз артық етпейді. Ең алдымен үйде, кеңседе салқын ауа райын сақтауға тырысыңыз. Пердені ыстық уақытта жауып, түнде терезені ашып жатыңыз. Мүмкіндігінше далаға шықпағаныңыз жөн. Барлық ісіңізді таңмен ерте немесе кеште түнделетіп бітіріп тастаңыз. Егер көшеге шығу керек болса, көзіңізге күннен қорғайтын көзілдірік киіп, көлеңкеде жүріңіз, басыңызға қалпақ киіп, қолшатыр ұстаңыз. Көбірек су ішіңіз, жеңіл, еркін киім киіңіз.«Егер ыстық өтіп кеткен адамды көріп қалсаңыз, жәбірленушіні бірден көлеңкеге немесе салқын ғимараттың ішіне кіргізіңіз. Жоғарғы түймелерін ағытып, қысып тұрған киімді шешіңіз, кеудесін босатыңыз. Маңдайына суық компресс қойыңыз, басына түгел су құюға да болады немесе ылғалды шүберекпен денесін жабыңыз. Егер адам есін жоғалтпаған болса, су ішкізіңіз, нашатырь иіскетіңіз. Егер жағдайы жақсармаса, медициналық көмекке жүгініңіз», - деп кеңес береді маман.