Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде

390
4 минуты
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде

Қалаға шалғайдан келген студенттерді алаңдататын маңызды сұрақтардың бірі – жатақхана мәселесі. Бұрын жатақханадан орын жетпей, көптеген студенттер пәтер жалдап тұруға мәжбүр болса, бүгінде бұл мәселе кешенді түрде шешіліп келеді.

Атап айтқанда, студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз етуде жоғары оқу орындарының жауапкершілігі күшейтілді. Биыл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жатақхананы қажет ететін студенттерді толыққанды қамтамасыз ету және олардың тұруына жағдай жасау бағытында жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды күшейтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім еткен болатын.

Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жыл сайын жатақханаларда 10 мың орынды енгізу жоспарлануда. Комитет төрағасының орынбасарының айтуынша, 2024 жылға 10 576 орындық 27 жатақхананы іске қосу жоспарланған.

«Бүгінгі таңда 4650 орындық 17 жатақхана іске қосылды. Атап айтқанда, Түркістан облысында – 370 орындық 3 жатақхана, Жамбыл облысында – 100 орындық 1 жатақхана, Атырауда – 490 орындық 1 жатақхана, Павлодар облысында – 189 орындық 1 жатақхана, Алматыда – 1040 орындық 4 жатақхана, Шымкентте – 930 орындық 3 жатақхана, Астанада – 1207 орындық 3 жатақхана, Қостанайда – 324 орындық 1 жатақхана», – деді Ақерке Абылайхан.

БАҚ өкілдерімен кездесуде студенттердің қоныстану жағдайын жақсарту үшін бірқатар шаралар қабылданғаны хабарланды. Атап айтқанда, Алматыда студенттерді жатақханалардағы қолжетімді орындар туралы ақпараттандыру үшін Ахуалдық орталық, сондай-ақ Логистика және көлік академиясы (30 орын) мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (20 орын) базасында Дағдарыс орталықтары ашылғаны айтылды. Ақерке Абылайхан орындарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттер мен бірінші курс студенттеріне басымдық берілетінін атап өтті.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының жеке жатақханаларының саны 93 367 төсек-орынға арналған 264 нысанды құрайды. Жатақхана тапшылығын жою үшін жеке студенттік жатақханалармен шарттарды қоса алғанда, тұрғын үй-жайларды жалға алу тәжірибесі белсенді іске асырылуда. Осы бағыт бойынша жұмыс ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, бірінші кезекте нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді. Барлық ЖОО-лар қабылдаған студенттерді міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету талабы жалпы білім беру қызметін жүргізетін лицензиялық талап болып енгізілді.

«Студент грантта оқыса да, ақылы форматта оқыса да, университет оны жатақханаға қабылдауға міндетті. Бұл талапты орындамау өрескел құқық бұзушылық болып танылады. Барлық университтер бұл талапты біледі», – деді Ақерке Абылайхан.

Сонымен қатар, әрбір ЖОО жанынан ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылды.

Кез келген студент өзі оқитын университеттің осындай ситуациялық орталығына хабарласа алады. Мұнда оған университет жатақханасында қанша орын бар екені, университет жанындағы жатақханада орын болмаған жағдайда, қай жекеменшік жатақханамен келісімшарты бар екені туралы ақпарат ұсынылады.

Университеттікінен бөлек, республика бойынша министрліктің де ситуациялық орталығы жұмыс істейді.

«Бұл орталықтар жолдан келген бала далада қалып қоймас үшін университеттің қасынан орын тапқанша жататын орын болып табылады. Жатақхана тапшылығы көп байқалатын Астана, Алматы қалаларында министрліктің де дағдарыс орталықтары ашылды», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, жоғары оқу орнына түскен студенттер жатақхана сұрағы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ахуалдық орталығына мына нөмірлер бойынша хабарласа алады: 8 700-950-95-28, 8 700-255-14-43.


  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также