Оқулық авторлары ата-аналардың шағымдарына жауап берді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Оқулық авторлары ата-аналардың шағымдарына жауап берді

47
5 минут
Оқулық авторлары ата-аналардың шағымдарына жауап берді
«Алматыкітап» баспасынан шығатын мектеп оқулықтарының авторлары журналистерге оқулықтардың нарыққа шығуға дейін қандай бақылаудан өтетінін және неліктен оқулық беттерінде олқылық көп екенін айтып берді. Сарапшылар сондай-ақ, мектеп бағдарламасының математика бойынша кеңес заманымен салыстырғанда қаншалықты өзгергенін түсіндірді.

Әлеуметтік желілерде қазақстандық ата-аналар балаларының оқулықтары бойынша тапсырмаларды өздері шеше алмайтындығына жиі шағымданады, ал өздері бала кездерінде ересектердің көмегінсіз-ақ жақсы нәтиже көрсеткендерін бір ауыздан жарыса айтты. «Алматыкітап» баспасының әдіскері Ольга Дзержинскаяның айтуынша, математика бағдарламасы кеңес жылдарынан бері принципті түрде өзгерген жоқ.

«Ата-аналар математиканың бағдарламасы жүйеде берілмейді деп жазады. Мұндай нәрсе жоқ. Маған көп қоңырау шалып, көбіне ер адамдар «тапсырманы шеше алмаймыз» деп жатады. Олар қарапайым тапсырмаларды оқып береді, мен олар бұл тапсырманы мектепте өткеніне сенімдімін. Өзім бастауыш мектептің мұғалімі болып 30 жылдан астам жұмыс істедім. Жақында маған ата-аналар орта мектепте теңдеулерді оқығаны туралы ескерту жасады. Бұл жалған, сіздер теңдеулерді бастауыш мектепте оқыдыңыздар», - дейді Ольга Сергеевна.

Ол заманауи ата-аналар бұрын білген, бірақ ұмытқан тағы бір мысал келтірді, ол – сандардың құрамы. Әдіскердің айтуынша, бұл тақырып баланың қосу кестесін оңай жаттауына арналған. Сарапшы 1989 жылы шыққан математика оқулығын журналистерге көрсетті. Оның айтуынша, бағдарлама қазіргі тәртіппен беріледі. Тапсырмалардың антуражы өзгереді, бірақ олардың мәні өзгермейді: егер бұрын балалар костюм тігуге қанша мата кететінін есептесе, енді оларға бес ересек пен үш бала музейге билет сатып алу үшін қанша ақша жұмсайтынын анықтау қажет. Бастауыш мектеп оқулықтарына тек жиындар қосылған. Мұндай өзгерістердің себебі халықаралық зерттеулерде қазақстандық балалардың осы тақырып бойынша әлсіз нәтижелер көрсетуі болды.

Бағдарлама күрделенген жоқ

Математика оқулықтарының авторы Әсел Ақпаева мектептегі бағдарламаның күрделенбегенін және балалар жүктемесінің артпағанын атап өтті. Керісінше, бағдарлама жеңілдетілген: бұрын бөлшек сандар бастауыш мектепте өтілетін болса, қазір олар орта мектептің басында қарастырылады.

Қазақ тілінің бағдарламасы да күрделенген жоқ, деп сендіреді баспаның басшылығы. Егер тапсырмалар қиындық туғызса, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқулықтарды әзірлеу басталғанда авторлардың ғылыми негізін терең зерттеуге жеткілікті уақыты болмағанымен байланысты.

Баспада қазіргі оқулықтарда қазақ тіліне қатысты ережелердің неге жоқтығы туралы да айтылды. Оқулықтардың авторы Фарида Лекерова жаңа әдістеме бойынша баланың ережені өз бетінше түсінуі тиіс екенін атап өтті.

«Сізге ережені дереу іздеудің қажеті жоқ. Маңыздылығы – оны жаттап алудың орнына, мәнін түсіну, бұл мұғалімдердің әдістемесінде қарастырылған», – деп түсіндірді Лекерова.

Баспа басшылығының айтуынша, жаңа бағдарламада оқу мақсаттарына баса назар аударылған. Қазақ тілі оқулықтарында, мысалы, оқу мақсаттары төрт сөйлеу әрекетін қамтиды: оқылым, айтылым, тыңдалым және жазылым.

Баспада оқулықтарды әзірлеуге өте аз уақыт бөлінетіні және осыған байланысты қателіктер пайда болатыны еске салынды.

Көп сатылы сапа бақылауы

Журналистерге оқулықтардың мектеп парталарына түспес бұрын қандай сапа бақылауынан өтетіні туралы да айтылды. Бірінші кезең – баспаның ішкі цензурасы. Екінші кезең – Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы.

40 күннен кейін орталық қолжазбаны баспаға қайтарады, ол қайта өңделеді. Содан кейін белсенді педагогтарды тарта отырып, екінші сараптама жүргізіледі және аяқталғаннан кейін оқулық бірқатар мектептерге апробацияға жіберіледі. Оқушылар осы оқулықпен шамамен екі ай бойы сабақ оқиды. Екінші сараптама мен апробацияның нәтижелері бойынша оқулық республикалық комиссияға ұсынылады. Жалпы, оқулықтың жазылған сәтінен бастап оны енгізуге кемінде алты ай уақыт кетеді.

Ата-аналар әрқашан баспалардың веб-сайттарында және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ білім беру мазмұнын сараптау орталығының сайтында тапсырмалар бойынша пікірлерін қалдыра алады.

Бұған дейін КЖА Білім министрлігіне сілтеме жасап, Қазақстандағы барлық мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшірілгенін хабарлаған болатын. Цифрлық оқулықтар елдегі 13 баспада 11 платформада әзірленуде.

Фото: freepik
  • Комментарии
Загрузка комментариев...