Жаңа оқу жылы басталды. Баланы бірінші қыркүйекке жетектеп алып барған ата-ана оның сынып жетекшісіне сыйлығын қоса апаратын болды.
Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл әрекетке шектеу қойды.
«Жыл сайын мектептерде соңғы қоңыраулар, бітіру кештері және мұғалімдер мен мектеп директорларына қымбат сыйлық алып жатады. Оқушылардың ата-аналары қосымша шығындарды көтермеуі керек. Қазақстанда орта білім тегін. Барлық мектепте алымдарға қатаң тыйым салынады», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті.
Аталған агенттік мұғалімдерге берілетін сыйлық құны 34 500 теңгеден аспауы керектігін хабарлады.
«Мектеп директорлары заңсыз материалдық сыйақы мен пара алғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік сыбайлас жемқорлық үшін 600 АЕК айыппұл салынады, ал қылмыстық жауапкершілікке тартылса, мүлкі тәркілене отырып, пара сомасының 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салудан бастап 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Ал мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен (34 500 теңге) асатын сыйлық беруге тыйым салынады. Егер заңбұзушылық болған жағдайда 2000 АЕК дейін (6 900 000 теңге) айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деп жазылған антикор хабарламасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеменің хабарлауынша ең арзан деген сыйлық та параға жатады. 2 АЕК-тен (6 900 теңге) көп болса, бұл –құқықбұзушылық.
Ведомство заңсыз сыйлық алып жатқан мұғалімге шағымдану үшін 1424 нөміріне хабарласуды ұсынды.
Ата-аналар арасында ғана емес, ұстаздар арасында да өзара бәсеке бар. Кім көп гүл, сыйлық алса, сол ең беделді, сыйлы ұстаз деген жаңсақ пікір негізінде ұстаздар да бір-бірінен қалыспай сыйлық алғысы келуі мүмкін.
Біз ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, мұғалімге сыйлық беруге деген көзқарастарын сұрадық.
«Менің қызым үшінші сыныпқа қадам басты. Сынып жетекшісіне сыйлық берем бе, жоқ па деп ұзақ ойландым. Өйткені басқа ата-аналар мың теңгеден жинап, тізімін жасап мұғалімге үлкен гүл алуды жоспарлап жатыр. Мен бұл тізімге қосылған жоқпын, алайда бұл тізім кейін мұғалімге өткізілетіні рас. Сол кезде сынып жетекшісі менің қызым сыйлықсыз барғаны үшін оған қырын қарап қала ма деп те ойландым. Оның үстіне бәрі ұстазына сыйлық алып барып жатқанда менің қызым жәутеңдеп қала ма деп оны тағы ойладым. Соңында бір блокнот алдым, қызым құр қол бармасын деп блокнотты қорапқа салдым да мұғаліміне беріп жібердім», - дейді Г. есімді ата-ана.
Ал Айжан есімді ананың сөзінше мұғалімге сыйлықсыз бару ұят.
«Өзіміз де кезінде сабақ оқыдық, мектепке бардық. Ол кезде қазіргідей қаптаған гүл дүкендері жоқ, мұғалімге қолдан гүл жасап болса да апаратынбыз. Ұстазымыз қуанып қалатын. Барлық бала әлі келгенше ұстазына сыйлық жасап келетін. Бұл біз үшін керемет мереке секілді еді. Мектепте үш балам оқиды, үшеуі де мұғалімдеріне бір шоқ гүл сатып алып апарды. Ода тұрған ештеңе де жоқ. Бұл – біздің ұстаздарымызға деген ризашылығымыз», - деді ол.
Жанар есімді ата-ана мектепте жиналатын қандай да бір алымдарға түбегейлі қарсы екенін айтты.
«Мен ата-аналар чатындағы ақша жинау шараларына мүлде қатыспаймын. Тіпі 500 теңге жинаса да, мен қоспаймын. Өйткені бұл – менің ұстанымым. Балам мұғаліміне сыйлық беруге міндетті емес, ол ұстазына білімі арқылы қуаныш сыйлай алады», - деді ата-ана.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан журналистер ата-аналар мен оқушылар мұғалімдерге гүл мен тәтті-дәмді сыйлауға бола ма деп сұраған еді. Бейсембаев кәмпит жайлы ойлану керектігін, бірақ гүл сыйлауға болатынын атап өтті.
– Кәмпиттер жайлы ойлану керек. Тәттіге әркім әртүрлі қарайды. Бірақ, менің ойымша, мұғалімдерге гүл сыйлаған қашан да жақсы ғой. Негізі оқушылардың шын жүректен, бүкіл сүйіспеншілігі, ризашылығымен гүл сыйлау дәстүрі бар. Менің ойымша, бұл дұрыс, - деді ол.
Букеттің құны маңызды ма деген сұраққа министр нақты жауап бермеді.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.
Заңда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлықтар, материалдық сыйақылар мен қызметтер көрсетуге толық тыйым салынды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабының және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабының мазмұнына сүйене отырып, сыйлық беру себебіне (мереке, туған күн) қарамастан, сыйлықтың түріне, санына, құндылығына және басқа да белгілеріне қарамастан (мысалы, кәмпиттер, кәдесыйлар) кез келген сыйлық беруге тыйым салынады.