Мұғалім мен ата-ана арасындағы серіктестік қалай орнайды | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Мұғалім мен ата-ана арасындағы серіктестік қалай орнайды

10
6 минут
Мұғалім мен ата-ана арасындағы серіктестік қалай орнайды

Мектеп мұғалімінің міндетіне тек жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу, сабаққа дайындау, қағаз және электрондық құжаттарды жүргізу ғана емес, оқушылардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасау да кіреді. Алайда мұғалім мен ата-ананың тіл табысып кетулері оңай емес.

Осы тұрғыда біз психотерапевт маман Шаттық Қалидің кеңестеріне жүгініп көрдік. Маманның сөзінше, ата-аналар да, мұғалімдер де әртүрлі. Алайда мақсат-мүдде біреу. Ол – бала тәрбиесі.

Қақтығыстардың себептері: қос тараптың пікірі

Мұғалім мен ата-ана арасындағы қақтығыстарды шешу

«Қақтығыс» сөзі латын тілінде conflictus» – «қақтығысқан» дегенді білдіреді, қарама-қайшы пікірлердің, көзқарастардың, мүдделердің, ниеттердің, жоспарлардың немесе әрекеттердің қақтығысы деген сөз.

Ата-аналар неге наразы болуы мүмкін:

  • педагог біліксіз: дұрыс оқытпайды, оқушының жүрегіне жол таба алмайды, ата-аналармен қарым-қатынас орната алмайды;
  • оқушылардан тым көп талап етеді немесе керісінше дайындық деңгейіне мән бермейді;
  • оқушыларды әділетсіз бағалайды: кейбіреулерге «бестік» қояды, ал басқаларға «екілік» қояды;
  • балалардың ата-аналары туралы жағымсыз пікірлер айтады;
  • «жақын» оқушыларды бөліп алады;
  • балаларға ұрсып, оларды кемсітіп, қорлайды;
  • сабақта түсінікті етіп түсіндірмей, үй тапсырмасын ғылыми жұмыс сияқты беріп, ата-аналардың белсенді қатысуын талап етеді.

Ал мұғалімнің шағымдары қандай болуы мүмкін?

Қазақ қоғамында әкелерден гөрі аналар белсенді. Аналар екі түрге бөлінеді: бірі – баласының сабағын қадағалайтындар, екіншілері – мүлде қызығушылық танытпайтындар.

Ата-аналар сонымен қатар:

  • мұғалімге немесе басқа оқушылардың ата-аналарына агрессия көрсетуі мүмкін;
  • педагогтың жұмысына объективті баға бермей, оның әрекеттеріне үнемі сын айтып жүруі мүмкін;
  • баланы тәрбиелеу жауапкершілігін мұғалімге жүктейді;
  • оқу процесіне араласады;
  • балаға жеткілікті көңіл бөлмейді;
  • басқа ата-аналарды қақтығысқа тартады, мұғалімге немесе бүкіл мектепке қарсы «қарсылық қозғалысын» ұйымдастырады;
  • баланың қабілеті орташа болса да, оны данышпан санайды және ең жоғары бағаларды талап етеді.

Қақтығыстарды шешудің 3 қағидасы бар

Мұғалімнің осы жағдайда ұстануы тиіс қағидаттар:

1.    Кез келген жағдайда маман болу. Сабыр сақтап, сыпайы болу. Егер мұғалім ата-анамен әңгіме барысында ашулана бастаса, үзіліс жасап, кабинеттен шығып кетуі керек.

2.    Мәселені шешуге мектеп әкімшілігін тарту. Егер екі тарап ортақ тіл таба алмаса, үшінші тараптың көмегіне жүгінуге болады.

3.    Құпияны сақтау. Қақтығыстарды мектеп қоғамына жария етуге болмайды.

Қақтығысты мүмкіндігінше тезірек шешу керек, себебі бұл оқушыға кері әсер етеді.

Алдын алу шаралары

Мұғалімдерге ата-аналармен қарым-қатынасты ушықтырмауға көмектесетін ережелер:

  • ата-аналарға сыпайы және сабырлы болу;
  • оқушыларға, олардың үлгеріміне қарамастан, құрметпен қарау;
  • ата-аналармен тең дәрежеде сөйлесу;
  • эмоцияларды бақылауда ұстау, тактиканы сақтау.

Мұғаліммен ынтымақтастықты қалыптастыру үшін ата-аналарға арналған бірнеше ұсыныс:

1.    Тәрбиенің негізгі қағидаттарын бөлісіңіз. Сынып жетекшісіне балаңыздың отбасындағы тәрбиенің негізгі қағидаттарын айтып, мұғалімнің тәрбие процесіне деген көзқарасын біліңіз. Бұл балаға біртұтас тәрбие ортасын қалыптастыруға көмектеседі. Алайда, мұғалім әрбір ата-ананың тілегіне сай жұмысын құра алмайтынын ескеріңіз.

2.    Сұрақ қоюдан ұялмаңыз. Егер мұғалімді дұрыс түсінгеніңізге сенімді болмасаңыз, нақтылап сұраудан қысылмаңыз. Кейде бір тілде сөйлесек те, бір сөзге әртүрлі мағына беруіміз мүмкін. Келіспеушілік пен түсінбеушіліктердің алдын алу үшін: «Мен сізді дұрыс түсінемін бе, сіз мынаны айтып тұрсыз ба?» деп қайта сұрауға болады.

3.    Сынды дұрыс қабылдаңыз. Балаңызға немесе сізге қатысты сын айтылғанда, оны конструктивті түрде қабылдаңыз, себебі мұндай ескертулерде ескеруге тұрарлық жайттар болуы мүмкін. Егер сын балаңыздың жеке басына тиіп, әділетсіз көрінсе, өз позицияңызды білдіріңіз, бірақ эмоцияңызды бақылауда ұстаңыз: әңгіме сарыны сабырлы болуы керек.

4.    Мәселелерді бірлесіп шешу. Егер балаңызда оқу немесе мінез-құлық мәселелері туындаса, мұғалім оларды өзі шешеді деп күтпеңіз. Бұл мәселелерді ең алдымен сіз балаңызбен бірге шешуге тура келеді, ал мұғаліммен бірге ортақ әрекет жоспарын құрастыру ең жақсы шешім болмақ. Қақтығыс туындаған жағдайда, қандай да бір шара қолданбас бұрын екі тарапты да тыңдаңыз.

5.    Мұғалімге құрметпен қараңыз. Мұғалімнің қателіктерін балаңыздың алдында қатты сөздермен айтпаңыз. Бұл мұғалімнің беделін түсіріп, балаңыздың педагогқа деген немқұрайлы қарым-қатынасын қалыптастыруы мүмкін. Дегенмен, бала мұғалім ешқашан қателеспейді деп ойламауы керек.

6.    Мектепке жиірек барыңыз. Тек ата-аналар жиналысымен шектелмей, мектеп өміріне белсене қатысыңыз: мысалы, сыныпты Жаңа жылға дайындауға көмектесу, экскурсия немесе пикник ұйымдастыру шараларында пікіріңізді айтып жүрсеңіз артық етпейді. Бұл сіздің мұғалім мен балаңыздың алдында беделіңізді арттырады. Сонымен қатар, мұғалімге қарапайым адами жылы сөздерді айтуды ұмытпаңыз, бұл тек Мұғалімдер күні немесе 8 наурызбен шектелмеуі тиіс.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...