Болашақ – білімде. Балалардың біліміне мемлекет қалай қолдау білдіруде | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Болашақ – білімде. Балалардың біліміне мемлекет қалай қолдау білдіруде

3807
7 минут
Болашақ – білімде. Балалардың біліміне мемлекет қалай қолдау білдіруде


Болашақ – білімде. Балалардың біліміне мемлекет қалай қолдау білдіруде

Қазақстандық 6 миллион 900 мыңнан астам балаға Ұлттық қордан алғашқы төлем түсті.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Президент ұсынған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеген.

«2022 жылғы 1 қарашада Президент бастама көтеріп, тапсырма берді. Сол кездегі есептеу кезінде еліміздегі балалардың саны 6 миллион 400 мың болатын. Бүгінде олардың саны – 6 миллион 917 мың. Осы есептеуге сәйкес, бүгінде бөлініп жатқан қаражаттың сомасы – 695 миллион доллар. Осы сома 6 миллион 919 мың 131 балаға бөлініп отыр. О баста 150-160 доллар болады деп болжанған. Бірақ қазір тәртіп өзгерді, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Ұлттық қордың хабарлауынша барлық балаға қаражат тең бөлінген. Қазіргі уақытта әрбір баланың шотына Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде (45 529,52 теңге) қаражат түскен.

Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін екі мақсатта пайдалана алады:

-Баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте үйді тек Қазақстаннан сатып алуға рұқсат етіледі.

-Білім алу. Бала шетелде білім алам десе – ақшаны пайдалануға шектеу қойылмайды. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.

Осы тұрғыда біз мемлекет баланың білім алуына көп көңіл бөліп жатқанын байқаймыз. Мемлекеттік тегін мектептерден бөлек, қосымша тегін білім беретін үйірмелер ашылды.

Қазақстанда мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру іске қосылды, яғни қазақстандық балалар үйірмелер мен секцияларға тегін бара алады.

 

Бару барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында қолжетімді. Осы шара 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.

 

Алайда бұл кей облыстағы балалар үшін жұмыс істемейтіні жасырын емес.

 

Бұған дейін Артспорт арқылы баланы тегін үйірмеге жазуға болатын. «Артспорт» 2021 жылдың мамыр айында іске қосылды. 4-17 жас аралығындағы балалар аптасына үш рет спорттық және шығармашылық үйірмелеріне барады деп жоспарланды. Алайда бағдарлама басталғаннан-ақ түрлі мәселелер көрініс тауып, ата-аналар балаларын үйірмелерге жаздыра алмай дал болды, жаттықтырушылар жетіспеушілігі, ғимараттың талапқа сай еместігі секілді мәселелер көрініс тапты. Кейін қаржыландыру уақытша тоқтап, қайта ашылды.

«Артспортпен» жазылып үлгергендер балаларын тегін үйірмеге беріп, бір қуанып қалды. Соның арқасында екі жылдан бері баласы қымбат үйірмеге тегін барып жүрген ата-ананың бірі Қымбат Жандарбек былай деп пікірін білдірді:

«Осы бағдарлама ашылғанда қызымды жүзуге беріп үлгердім. Бір-екі сағаттың ішінде орын толып қалды. Мен қайта қызымды тіркеп үлгеріп қалдым, менен кейін келген қаншама ата-ана балаларына тегін үйірме ала алмай сан соғып қайтты. Осының арқасында балам қазір кәсіби түрде жүзе алады, тіпті, жүзу жарыстарына барып жүр. Алайда екінші баламның жасы жетпегендіктен тегін бағдарламаға ілікпей қалды. Қазіргі таңда екінші балам жүзуге ақылы түрде барады. Айына 25 мың теңге төлеп отырмын. Қызым тегін барса да, ұлым ақылы барса да, екеуіне үйрететін нәрсе біреу. Бұл да болса, біз үшін жеңілдік. Осындай бағдарламалар көбейсе екен», - дейді ата-ана.

Ал балаларын тегін үйірмеге жаздырған тағы бір ата-ана Айжан Нұрбекқызының сөзінше, тегін үйірмелерде білім жоқ.

«Қазір не көп, үйірме көп. Мысалы, біздің кезімізде бұндай болған жоқ. Балаларымыз үшін қуанамыз, алайда, тегін үйірмелерде дұрыс білім бермейтін секілді. Балаларымыз тегін келіп жүргені үшін ұстаздар тарапынан селқостықты байқаймын. Сондықтан баламды тегін үйірмелердің бәрінен шығарып алдым, тек ақылы сабақтарға беремін», - дейді ол.

Елімізде оқушылар колледждің, жоғары оқу орындарының грантын ұтып ала алады. Алайда грант барлығына бірдей берілмейтіні түсінікті.

Күрделі емтихансыз тегін қабылдайтын оқу орны бар ма? Ондай оқу орнына діни білім беру ұйымдарын жатқызуға болады.

Қазір елімізде арнайы орта діни білім беретін 9 медресе жұмыс істейді. Олардың барлығы «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің жеке мекемесі ретінде тіркеуден өткен. Медреселер Астана, Алматы, Шымкент, Сарыағаш, Тараз, Павлодар, Орал қалалары мен Ақтөбе, Алматы облыстарында орналасқан.

Қазіргі кезеңде медресеге қабылданушылардың жасы шамамен 15-25 жас аралығында болып келеді. 11-сыныпты бітіргеннен кейін медресеге қабылданған шәкірттер үшін оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай; 9-сыныптан кейін қабылданғандар үшін – 3 жыл 10 ай.

Қабылдау емтихандары жаз айларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген кестеге сәйкес жүреді. Медреседе оқу, тамақ мен тұру орны тегін, шәкіртақы беріледі.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 13 рухани оқу орны жұмыс істейді, олардың ішінде Ислам бағытына 11 оқу орны жатады: "Нұр-Мүбарак" университеті, 9 медресе-колледж, ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру Ислам институты.

Христиандық бағытқа екі оқу орны жатады: Алматы православиялық рухани семинариясы және "Мария – Шіркеу анасы" мұрағатаралық жоғары рухани семинариясы. Бұл оқу орындарында да діни білім алу тегін.

Болашақ – білімде. Баланың толыққанды білім алып шығуы ел болашағының жарқын болуына кепілдік береді.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...