Қазақстан университеттері Лондонда қандай жобалар ұсынды | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстан университеттері Лондонда қандай жобалар ұсынды

237
8 минут
Қазақстан университеттері Лондонда қандай жобалар ұсынды
22-24 қаңтар аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында British Education Training and Technology Show (Bett Show) көрмесі өтті. Қазақстан заманауи білім беру технологияларына арналған ауқымды көрмеге алғаш рет ұлттық павильон ретінде қатысты. Аталмыш шарада еліміздің алты жетекші университеті өздерінің бірегей жобалары мен әзірлемелерін ұсынды.к

Nazarbayev University әлемдік жетекші EdTech көрмесінде Soyle App, қазақ тілінің үлкен тілдік моделі ISSAI KAZ-LLM және Artisan Education стартапын таныстырды. Soyle App көпфункциялы қолданба сөзді тану, дауыс синтезі және ауызша сөз бен мәтінді төрт тілге (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Soyle App қолданбасының аударма сапасы FLoRes деректер жиынындағы BLEU көрсеткіштері арқылы өлшеніп, Google Translate, Yandex Translate және GPT-4o-дің аударма нәтижелерінен асып түседі. GPT чатының қазақша нұсқасын әзірлеуге негіз болатын KAZ-LLM барлық жерде – қазақ тіліндегі аудармалар мен мазмұнды генерациялаудан бастап үлкен мәтіндерді өңдеуге дейін пайдалануға болады.

Аталмыш көрмеге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті соңғы жетістіктері мен инновациялық жобаларын ұсынды. Олар: Faraby суперкомпьютер орталығы, Farabi Robotics – Орталық Азиядағы бірінші өнеркәсіптік робототехника және құзыреттілік орталығы, университеттің АТ-инфрақұрылымы, жаппай ашық онлайн курстарды жазу студиясы, виртуалды зертханалық жұмыстар. Faraby суперкомпьютер орталығында әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютер тізіміне кіретін ірі қондырғы орнатылған. Ал Farabi Robotics мақсаты – өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолданбалы тәжірибені оқшаулау, масштабтау және индустрия 4.0 салаларында оқыту арқылы әлемдік деңгейдегі технологияларды игеруге көмектесу.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық көрмеде білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған инновацияларды көрсетті. Инклюзивті нұсқаулық, жаппай ашық онлайн курстар (MOOCs), соның ішінде, сурдоаудармасы бар курстар барлық оқушыларға тең мүмкіндіктер береді, жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер: қазақ тілінде эмоционалды түрде дәріс оқитын аватар, сурдоаудармашы аватары. Инклюзивті нұсқаулық – ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін университет инфрақұрылымы мен білім беру ресурстарының қолжетімділігін жақсартуға арналған шешім. Smart.ENU платформасы – «ақылды кампус» құру үшін жасанды интеллект элементтерін және заттар интернетін қамтитын білім беру үдерісін басқарудың интеграцияланған жүйесі.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті BETT UK 2025 көрмесінде инновациялық білім беру бағдарламаларына және Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық аясында құрылған «Лу Бань шеберханасы» атты ерекше білім беру жобасына баса назар аударды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылардың кәсіби және инженерлік дағдыларын дамытуға, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге, дәстүрлі инженерлік пәндерді заманауи цифрлық және автоматтандырылған технологиялармен үйлестіруге бағытталған. Сондай-ақ «SMART GUIDE» интерактивті жобасы таныстырылды. Ол «Лу Бань шеберханасының» интерактивті макетінен және «SMART GUIDE» экскурсиялық роботынан тұрады.

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Digital SU жобасы мен жоғары технологиялық MIT FabLab зерттеу орталығын ұсынды. Digital SU жобасы – білім беру процесін автоматтандыратын, студенттер мен оқытушылар арасындағы байланысты жақсартатын және тұтастай университеттің тиімділігін арттыруға көмектесетін кешенді цифрлық экожүйе. Ал MIT FabLab – бұл 3D принтерлермен, ЧПУ станоктарымен, жобалау және модельдеуге арналған бағдарламалық құралдарымен жабдықталған зертхана. Мұнда студенттер өз ғылыми жобаларын әзірлеумен қатар, сандық инженер-конструктор, реверс-инженер және ЧПУ станоктарының операторы мамандығын меңгеріп шығады.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттері мен ғалымдары көрмеде «VR виртуалды кен орны» технологиясын таныстырды. VR технологияның көмегімен студенттер виртуалды ортада түрлі кен орындарын зерттеп, теориялық білімдерін бекіте алады. Жобаның артықшылығы – қауіпсіз эксперименттік орта, виртуалды экскурсиялар, интерактивті және иммерсивті оқу процесі. Utebayev University аталған көрмеде түрлі елдерден келген білім беру және технология саласының мамандарымен танысып, ынтымақтастық орнату мақсатында диалог жүргізеді.

Coventry University Kazakhstan оқу орны Ұлыбританиядағы Coventry University Инженерия мектебімен бірлесіп, BETT көрмесінде жасанды интеллект негізінде басқарылатын FAIDO атты инновациялық роботты таныстырды. FAIDO студенттер үшін оқыту құралы ретінде қызмет етіп, жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуді меңгеруге және олардың практикалық түрде қолданылуын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Coventry University инженерия, IT және жасанды интеллект салаларындағы көшбасшылардың бірі ретінде белгілі. Coventry University Kazakhstan Астанадағы тұңғыш Британ университеті ретінде осы стандарттардың Қазақстанда енгізілуін қамтамасыз етіп, студенттерге халықаралық тәжірибе мен инновациялық шешімдерді пайдалану мүмкіндігін ұсынуда. Университет BETT көрмесіне қатысу арқылы өзінің білім мен технологиялар саласындағы жаңа бастамалардың орталығы болуға деген ниетін айқын көрсетті.

BETT UK 2025 көрмесі университеттің жетістіктерін көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуда, оның ішінде халықаралық платформада жоғары білім мен кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізудегі маңызды қадам болды. Көрмеге 600-ден астам экспонент және 300 спикер қатысты, сондай-ақ 130-ға жуық мемлекет білім беру бойынша өз әзірлемелерін ұсынды, одан бөлек, шараға 600-ден астам халықаралық компания, оның ішінде Google, Microsoft, Lenovo және т.б. қатысты.

Сонымен қатар, Bett Show аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов, сондай-ақ Ұлыбританияның білім министрі Стивен Морганның ресми кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. Министр Нұрбек Қазақстанды өңірдегі басты білім беру хабы ретінде таныту мақсатында іске асырылып жатқан «Study in Kazakhstan» жобасы туралы әңгімеледі. Ол сондай-ақ болашақта бұл жобаға Қазақстанда жетекші британдық университеттердің қатысуын кеңейту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Стивен Морган министрге алғысын білдіріп, екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде жалғасатынын атап өтті. Ол сондай-ақ 2025 жылғы сәуір айының басында үкіметаралық комиссияның жоспарлары туралы хабарлады.

Bett Show-дағы кездесулер екі елдің студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Одан бөлек, министр Саясат Нұрбек Ричмонд герцогы Чарльз Генри Гордон Леннокспен, сондай-ақ Еуропа және Солтүстік Америка істері жөніндегі мемлекеттік министр Стивен Доутимен кездесті.

Инновациялық жобаларды қолдау, елдер арасында әріптестік бағдарламалар құру, сондай-ақ білікті мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бастамаларын дамыту мәселелеріне басты назар аударылды.

Кездесулер нәтижесінде екі тарап та мемлекеттердің мүддесі үшін жоғары білім мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған нәтижелі әріптестікке дайындықтарын көрсетті.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайты
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также