Қазақстандағы ірі IT-компанияның қызметкерлері 2023 жылдың ішінде 15 миллион білім беру сайтын қазақ тіліне аударды. Бұл қазақстандық жастарға, негізінен мектеп оқушыларына білім алуды жеңілдетеді.
Мұндай деректерді Yandex Qazaqstan Day шарасында Яндекс Іздеу өнім менеджері Салтанат Болатбекова ұсынды.
Салтанат Болатбекова
"Қазақ тіліндегі сауалдардың 68%-ы білім туралы. Оның үстіне, еліміздің әрбір бесінші тұрғыны – мектеп оқушысы, олардың жартысынан көбі қазақ тілінде білім алады. Өзім де тоғызыншы сыныпта оқығанымда интернеттен физика пәнінен қазақша қосымша материалдар іздегенім есімде, бірақ, таба алмадым, ал мектеп кітапханасында пәннің бір ғана бөлімі бойынша жалғыз оқулық болды. Біз командамен ақылдасып, өскелең ұрпақтың білім алуы үшін мұндай тілдік кедергілер аз болса екен деп ойладық", – деді Болатбекова.
Іс-шарада Қазақстандағы тілдің ерекшеліктеріне де назар аударылды. Компания командасы өзінің ақылды бағанасына қазақ тілінде сұрақтар қою мүмкіндігін қосты. Алайда, пайдаланушылар жаңа қызметті айтарлықтай бағаламады.
Даниил Шулейко
"Мен мұнда бірнеше рет келгем. Алматыда өзімді жайлы сезінемін. Жақында өнімдер мен қызметтерді жергілікті халыққа бейімдеу керек деген ой келді. Біз қазақ тіліндегі Алиса туралы айтып отырмыз, бірақ оны жасап, достарымызға көрсеткенде, олардың көңілінен шықпады. Көп адамдардың қазақ және орыс немесе қазақ және ағылшын тілдерін араластырып сөйлейтіні белгілі болды, сондықтан Алиса тілдер қоспасында сөйлей алуы керек", – деп атап өтті "Яндекс" жаһандық CEO Даниил Шулейко.
Сондай-ақ ол өткен жылдың қараша айынан бастап Яндекс жергілікті бағытқа бет бұрғанын, енді өз өнімдері мен қызметтерін белгілі бір елге бейімдеуге тырысатынын айтты. Бұл тәжірибе барлық жерде бола бермейді: әдетте IT алыптары өз өнімдерін халықаралық тілдерде жасайды.
Іс-шарада қазақстандықтар қолданатын Яндекс қызметтері кеңінен таныстырылды. Пайдаланушылар бұл қызметтердің барлығы аталған компанияға тиесілі екенін білмейді.