10 желтоқсанда Балқашта балалардың көз ауруларын диагностикалау және емдеуге мамандандырылған LUCY клиникасы жұмысын бастады. Жаңа бөлімше Алматы мен Жезқазғанда ашылған клиникалар желісінің қызметін жалғастырып, офтальмологиялық қызметтерді тегін көрсетеді. Негізгі бағыттары – миопия, астигматизм, гиперметропия, страбизм, катаракта және глаукома сияқты ауруларды емдеу.
Жаңа бөлімше заманауи құралдармен жабдықталған: амблиопияны емдеуге арналған «Амблиокор», қылилықты түзетуге арналған «Синоптофор», аккомодацияны жаттықтыруға арналған «Визотроник» және тағы басқа аппараттар бар. Орталық мамандары заманауи медициналық технологияларға негізделген стандарттарға сәйкес жұмыс істейді.
Жұмыстың алғашқы нәтижелері
Клиника ресми ашылуына дейін пациенттерді қабылдай бастады. Үш күн ішінде 25 бала тексеруден өтті. Олардың 15-і емдеу курсын бастаса, 12-сіне көзілдірік таңдалды, сондай-ақ екі лазерлік коагуляция операциясы жасалды. Бұл жаңа медициналық мекеменің мүмкіндіктерін және оның қызметтеріне деген сұранысты көрсетеді.
Шолпан Қалықбекова, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау департаментінің Балқаш аумақтық өкілеттігінің жетекшісі.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау департаментінің Балқаш аумақтық өкілеттігінің жетекшісі Шолпан Қалықбекова клиниканың ашылу салтанатында Балқашта балаларға офтальмологиялық көмектің қолжетімділігі артатынын атап өтті:
«Біздің Балқашта жиырма мыңға жуық бала тұрады, сонымен қатар, жақын маңдағы елді мекендер бар. Бұл көптеген балалар үшін денсаулығын жақсартуға үлкен мүмкіндік. Сондықтан осындай тамаша клиниканы ашқан жандарға алғысымды білдіремін».
Анна Булат, дәрігер-офтальмолог, лазерлік хирург.
Клиника дәрігері, лазерлік хирург Анна Булат көру қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау мен емдеудің маңыздылығын атап өтті:
«Біз жүргізген көптеген тексерулер көру қабілетінің жасырын мәселелерін анықтайды, олардың бар екенін ата-аналар білмеген де болуы мүмкін. Әдетте олар балалардың сығырайып қарауы, бастарын еріксіз бұруы немесе көзді жиі жыпылықтатуы сияқты белгілерге шағымданып келеді. Бұл белгілер көбіне күрделі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Дегенмен, дені сау әр бала жылына кем дегенде бір рет тексеруден өтуі керек, осылайша ауруларды ерте кезеңде анықтауға болады. Біз мұндай тексерулерді тегін жүргіземіз, ал егер көру қабілетінде ақау табылса, емдеу шараларын тағайындаймыз, қажет болса операция жасаймыз».
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа бөлімше жылына 570 алғашқы диагностика және 90 аппараттық емдеу курсын өткізе алады. Команда құрамында дәрігерлер, медбикелер және санитарлардан тұратын 12 маман жұмыс істейді.
LUCY клиникасының ашылуы Балқаш тұрғындарына басқа қалаларға бармай-ақ кәсіби офтальмологиялық көмек алуға мүмкіндік береді. Бұл диагностика мен емдеуге кететін уақытты айтарлықтай қысқартып, балалар арасындағы көз ауруларының алдын алу тиімділігін арттырады.
Аударған Айдар Урисбаев