Қадір түнінде не істеу керек? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қадір түнінде не істеу керек?

39
6 минут
Қадір түнінде не істеу керек?
Биыл Қадір түні наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түніне түсіп отыр. Бұл түнді мұсылмандар ұйықтамай, барынша құлшылықпен өткізуге тырысады.

Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» деп бұрын-соңды адам баласы білмеген хабарды жеткізген. Сол себепті Пайғамбарымыздың (С.Ғ.С.) сүннеті арқылы мұсылмандарды Рамазан айының соңғы он түнінде Қадір түнін күтуге, оның сауабын іздеп, осы түні (әсіресе тақ түндерде) құлшылықпен айналысуға талпындырған.

«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні» деп анықтама берілген.

Ғалымдар бұл түннің атауына байланысты бірнеше себеп келтірген:

1) Қадір түні – шәраф, яғни қадірлі, шарапатты, абыройлы түн.
2) Қадір тағдыр мағынасында келеді, яғни осы түні бір жылда болатын оқиғалар мен болмыстың тағдыры, ризық-несібесі мен ажалы жазылады.
3) Қадір сөзі құрметті, қасиетті деген мағынаға саяды. Қадір түнін ұйықтамай, құлшылықпен өткізген кісі Алла Тағаланың құзырында құрметке бөленеді.

Қадір түнін қалай өткізген абзал?

Әбу Һурайрадан (Р.А.) жеткен тағы бір хадисте: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сене отырып, сауабын үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген (Бұхари, Мүслим).

Айша (Р.А.) анамыздан жеткен тағы бір хадисте: «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түні екенін білсем Аллаға не айтқаным дұрыс?» – деп сұрап едім, сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені кешір деп айт», – деді (Термизи, Сунән, 3513).

Абдулла ибн Унәйстан (Р.А.) жеткен хадисте: «Уа, Алланың елшісі! Қадір түнінің сауабын іздейтін түн қайсысы? Соның хабарын берсеңіз», – деп сұрап едім. Сол кезде Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.): «Егер адамдар сол түннен басқа түндерде құлшылығын тастамайтын болғанда айтар едім», – деді», – делінген (Абдуррахим әл-Ғирақи, Ләйләтул-қадр кітабы, 49-бет).

Иә, Алла Тағала Қадір түнін өзге түндерден әлдеқайда қадірлі, қасиетті еткен. Қадір түнінің қадір-қасиетін әрі сауабының қаншалықты екенін Алла Тағала Құран арқылы баяндаған. Ибн Аббас (Р.А.): «Оны құт-берекеге толы қасиетті түнде түсірдік, біз ескертудеміз. Сол түні әрбір хикметті іс нақтыланады», – деп («Духан» сүресі, 3-4 аяттар) келетін аяттың осы Қадір түні жайлы айтылғанын алға тартқан.

Қадір түнінде құлшылықтарды көбейтуге мән беру қажет. Біріншіден, тарауық намазын оқу керек. Себебі бұл түнді барынша құлшылықпен өткізудің сауабы мол. Екіншіден, Құранды көбірек оқу қажет. Өйткені бұл түні Құран түсіріле бастаған. Үшіншіден, дұға жасап, тілек тілеп, Алладан жарылқау сұрау керек. Себебі Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) Айша анамызға (Р.А.) кешірім сұрау дұғасын үйретіп, соны жасауды бұйырған.

«Раббәнә әтинә» дұғасын мүмкіндігінше көп айту қажет. Пайғамбарымыздың (С.Ғ.С.) Рамазан айында да, басқа уақыттарда да ең көп айтатын дұғасы осы еді.
Қадір түнінің бірнеше белгісі бар. Ғұламалардың айтуынша, Қадір түнінің белгілері екі топқа бөлінеді. Біріншісі, уақытында (яғни сол түні) білінетін белгілер. Оған сол түннің ашық, ай сәулесінің жарық болуы; жүректің тыныштығы, уайым-қайғыға берілмей тыныштықты сезінуі; мұсылманның көкірегі кең болып, жайдарлықты сезінуі; адамға жағымды самал желдің есуі; суық та, ыстық та емес қолайлы ауа райының болуы жатады. Екіншісі, уақыты өткен соң (таң атқанда) білінетін белгі. Бұған күннің сәулесіз қызарып шығуы жатады.

Қадір түні Рамазанның қай түні екендігі жайлы екі риуаят бар:

1. Соңғы он күннің тақ түндері. Айша (Р.А.) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер», – деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», – деген риуаят бар.

2. Жиырма жетінші түн: Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.): «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», – деген.

Фото: pixabay
  • Комментарии
Загрузка комментариев...