Журналистердің еңбегі қалай бағаланады | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Журналистердің еңбегі қалай бағаланады

27866
5 минут
Журналистердің еңбегі қалай бағаланады

28 маусым күні қазақстандық БАҚ өкілдері кәсіби мерекелерін атап өтеді.

Басында аталған мейрам журналистика күні деп аталып, тәуелсіз Қазақстанда 10 мамыр күні тойланды. Бұл күні 1870 жылы «Түркістан Уәлаятының Газеті» жарыққа шыққан еді.

Кейін журналистер мерекесі 28 маусым болып өзгерді, өйткені 1991 жылы дәл осы күні алғашқы қазақстандық БАҚ туралы Заң қабылданған еді. «Басылым мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақ КСР Заңы деп аталған құжат негізінде мереке 2012 жылға дейін маусымның соңғы жексенбісінде аталып өтті. 2011 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикас Президенті бұйрық шығарып, соның негізінде журналистер күні 28 маусымда тойланатын болды. Содан бері елімізде 28 маусым БАҚ мерекесі ретінде аталады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті.

– Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Кәсіби жаңалықтар агенттігі тілшісі мереке аясында әлемді өзгерткен резонансты журналистік зерттеулерді еске түсіруді жөн көрді.

Уотергейт жанжалы


Бұл саяси жанжал Американы ХХ ғасырдың 70-жылдары дүр сілкіндірді. The Washington Post газетінің журналистері іске ауқым берді. Журналистік зерттеу нәтижесінде Никсонның сайлауалды штабының ақшасына Ақүй қарсылас демократтарын аңдығаны белгілі болды, ал Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) бұған атсалысқан. 1974 жылдың 8 тамызында Ричард Никсон отставкаға кетті. Журналистік зерттеу кейін фильм желісіне арқау болды.

Қаржы пирамидалары


Баспагерлер Бостон тұрғындарының қаржы пирамидаларының негізін қалаушы Чарльз Понцидің заңсыз әрекеттері туралы шағымдарына жауап берді – газет Понцидің инвесторлармен жұмыс жасаудағы айла-амалдарын әшкерелейтін бірқатар мақаланы жарыққа шығарды.

Ардагерлерге медициналық көмек

2008 жылы The Washington Post журналистері Данная Прист, Энн Халл және фотограф Мишель де Киль әскери-медициналық орталықтағы ардагерлердің күтімі жайлы журналистік зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде саяси жанжал туындады. Кейін қызмет көрсету сапасы өзгерді, 2011 жылы госпиталь жабылды.

Журналистердің еңбегі қалай бағаланады?

Пулитцер сыйлығы

Әлем бойынша БАҚ қызметкерлері үшін Пулитцер сыйлығы тағайындалған. Путлицер сыйлығы – (Pulitzer Prize) — әдебиет, журналистика және театр саласындағы АҚШ-тың ең беделді марапаттарының бірі. Ол 1917 жылы Джозеф Пулитцердің өсиетімен құрылды, ол өзінің байлығын газет шығарушы ретінде жасаған және оны Колумбия университеті басқарады. Жүлделер жыл сайын жиырма бір номинация бойынша беріледі. Жиырма санат бойынша әрбір жеңімпаз сертификат пен 15 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болады (2017 жылы 10 000 доллардан көтерілді). Мемлекеттік қызмет номинациясы бойынша жеңімпаз алтын медальмен марапатталады.

Үркер жүлдесі

Қазақстанда да журналистердің еңбегі еленіп отырады. 2017 жылдан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио- және интернет журналистика саласына арналған ұлттық «Үркер» сыйлығы табысталып келеді. Аталған конкурстің мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсету.


Newsky Award жүлдесі

Newsky Award халықаралық жүлдесі де жыл сайын БАҚ өкілдеріне табысталатын жүлде.

Newsky Award сыйлығының негізгі мақсаты — талантты журналистер мен үздік материалдардың авторларын анықтау және олардың сыртқы саясат пен өңіраралық келісім, мәдени және рухани құндылықтар, сондай-ақ қазақстандық және әлемдік қоғамдастықтың дамуына ықпал ететін қайырымдылық және әлеуметтік қызмет мәселелерін жария етудегі сіңірген еңбегін көтермелеу. Жүлдені ұйымдастырушылар – «United Charity Projects Evolution» қоғамдық қоры және Қазақстан Журналистика академиясы.


Журналистер бұндай марапаттар барысында әртүрлі жүлдемен, сыйлықтармен марапатталса да, қаламы қуатты, ойы ұшқыр БАҚ өкілдері үшін ең басты марапат – жүрегін жарып шыққан туындысының халық жүрегінен ойып тұрып орын алуы болса керек.

"Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ" деп Шерхан Мұртаза суреттеген журналистер қауымын бүгінгі мерекемен құттықтаймыз!

Суреттер ашық дереккөздерден алынды.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...