Сотмедсарапшы мамандығы: артықшылығы мен кемшілігі | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Сотмедсарапшы мамандығы: артықшылығы мен кемшілігі

28782
4 минуты
Сотмедсарапшы мамандығы: артықшылығы мен кемшілігі

Сот-медициналық сарапшы мамандығы айналасында аңыз бен ақиқат көп. Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында Тахир Халимназаров сарапшы ретінде бой көрсеткеннен кейін бұл мамандыққа деген қызығушылық күрт артты.

Манекен - дәлел

Тахир Армидинұлы сот кезінде өзінің ойын нақты әрі дәлелді түрде жеткізе білді. Осыдан кейін сот-медициналық сарапшы бірден танымалдыққа ие болды. Алайда Тахир Халимназаровтың өзі сот сараптама жұмыстарын жалғыз өзі жасамағанын айтты.

Ол Астана, Алматы қалаларындағы зертханалардың еңбегін атап өтті. Тахир Армидинұлының сотта сөйлеген себебі – ол тәжірибесі мол маман болғандықтан осы бір жауапты жұмысты алып шығу құрметіне ие болған. Сараптама жұмыстарының артында бір топ адам тұрғандықтан, Тахир осы бір еңбекті күллі ел алдында жариялау мәртебесін иеленген.

Тахир Халимназаров өзінің және әріптестерінің жұмыстары көбіне көзге көрінбей елеусіз қалатынын жасырмады. Бұл мамандарды заңгерлер, қорғаушылар, тергеушілер, прокурорлар ғана біледі, алайда жалпы халыққа белгісіз. Алайда тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде резонанс тудырған сотта сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров көлеңкеден шығып, даңққа ие болғаны ақиқат.

Отыз жылдық еңбек өтілі бар Тахир алқабилер алдында бірінші рет сөз сөйлегенін айтты. Сарапшының сөзінше, алқабилер құрамына заңгер, дәрігерлер емес, қарапайым адамдар енген.

Тахир Халимназаров сотта қағазға сызып көрсеткісі келген, алайда түсініксіз болар деп манекен пайдалануға бекінген. Әріптестері бұл шешімді қолдай кеткен, соның нәтижесінде Тахирдың соттағы сөзі дәлелді, дәйекті, нақты, түсінікті шықты.

Ресейлік сот-медициналық сарапшы Алексей Решетун өз кәсібі жалпы халыққа белгілі болуы үшін көп күш жұмсаған. Бес жыл бойы mossudmed.livejournal.com сайтын жүргізіп, оқырман қалыптастырған, Алексей Решетун Ресейдегі топ ондыққа кіретін блогерлер қатарына кірді.

Алексей Решетун жүргізетін блог «Вскрытие покажет: Записки увлечённого судмедэксперта» кітабы шыққан соң танымалдыққа ие болған. Осыдан кейін Алексей Решетун әртүрлі интернет-платформаларында көптеген сұхбат берді. Одан бөлек те басқа кітаптары дүниеге келді.

Сот-медициналық сарапшы, фотограф, жазушы, блогер, саяхатшы Алексей Решетун өз кәсібін оқырманға нақты жеткізе білді.

Өмір біткен соң не болады?

Алексей Решетун Алматыдағы «Меломан» кітап дүкенінде оқырмандармен кездесті. Ол «Жан тәннен шыққан соң не болады?» деген сұраққа жауап берді.

Сот-медициналық сарапшы адамның жаны тәнінен шыққан соң басқа өмір басталатынына сенімді.

-Осынша сенімді айтуыңыздың себебі неде? – деп сұрады көрермен.

-Дәлел көрдім, алайда ол туралы айтпаймын, - деді Решетун.

Алексей дін тұрғысынан да жауап беруден тайынбады.

«Қасиетті жазбаны оқимын, зерттеймін. Қаншалықты көп оқыған сайын соншалықты есте сақтайсың. Сұрақтарымның жауабын Библиядан табамын. Құран сияқты Библия да ерекше құжат, бұл кітап расымен Қасиетті жазба», - дейді сарапшы.

Сөз орайында айта кетсек, Қарағанды медициналық унивеситетін 1500 адам жеті жыл оқып бітірсе, соның біреуі ғана сот-медициналық сарапшы болған.

Сот-медициналық сарапшының артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Артықшылығы мыналар:

-Интеллектуалды және қызықты жұмыс;

-Арнайы жеңілдіктер.

Кемшілігі:

-Психологиялық тұрғыда қиын жұмыс;

-Жауапкершіліктің жоғары болуы: сот-медициналық сарапшының қорытындысына көп нәрсе байланысты;

-Денсаулыққа қауіп төндіретін химиялық заттармен жиі жұмыс істеуі және қылмыс орнына бару мүмкіндігі.

Сот сарапшысының орташа айлық табысы 100 000 теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі аралықта, кіші медициналық қызметкер 40-50 мың теңге табады. Ең көп дегенде сот-медициналық сарапшы 200 000 теңге табыс табуы мүмкін.

 

Мейіргүл Оңғарова, Галина Галкина

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...