UNFPA (БҰҰ Халық қоры) әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ер адамдарды тарту жөніндегі сарапшысы, психолог Тынчтыкбек Бакытов БАҚ пен әлеуметтік желілерде ер адамның бейнесі көбінесе теріс қасиеттерден құралатынын айтты. Қоғамда салауатты маскулиндік туралы талқылау жүргізілмейді. Бұл мәселе бұрыннан өзекті, өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір себебі – нағыз ер адамды қатал, ымырасыз және отбасының билікті басшысы ретінде насихаттау.
Бакытов салауатты маскулиндікке анықтама берді – ол ер балалар мен ер адамдардың қандай болу керектігі туралы пайдасыз стереотиптер мен үнсіз келісілген ережелерді жоққа шығарады. Яғни, егер ер адамға мейірімділік, сезімталдық, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге ұмтылыс тән болса, ол еркектігін жоғалтпайды. Салауатты маскулиндік жағдайында ұлдар мен ер адамдар өздерінің кім екенін сезінеді және белгілі бір мінез-құлық түріне мәжбүрленбейді. Олар бағбандықты, аспаздықты жақсы көре алады және өздерінің қызығушылықтары арқылы нағыз еркек болуды тоқтатпайтынын түсінеді.
Стереотиптер ескірген
HeForShe Central Asia қозғалысының «БҰҰ-әйелдер» құрылымы жобалық командасының мүшесі, журналист Мәди Мәмбетовтың айтуынша, бүгінде табысқа жететіндер – көбінесе шартты әйелдік қасиеттерге ие ер адамдар, яғни, ымыраға келуді, қоғамның барлық мүшелері үшін тиімді шешімдер табуды білетіндер. Физикалық күш, шешімділік, ымырасыздық енді тіршілік ету шарты емес, деп атап өтті журналист.«Еркек күшінің және қайтпас мінездің құлшынысы ер адамдарды да бақытсыз етеді. Бұл біз шешуге тиісті мәселе, өйткені, барлығымыз адам ретінде бақытты болып, өмірімізден қанағат табуымыз керек», – дейді Мәмбетұлы.
2022 жылы жобалық топ жұмысты бастамас бұрын, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Орталық Азияның бес елінде – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстанда зерттеу жүргізді. Олар мыңнан астам ер адамнан сұқбат алып, бірнеше қорытынды жасады: респонденттердің басым бөлігі отбасылық модельдің енді жұмыс істемейтінін түсінеді. Бірақ олар басқаша әрекет ету жолын білмейді.
«Көптеген заманауи отбасылар бір ғана жұмыс істейтін ата-анамен өмір сүре алмайды. Жұбайының жұмыс істеуіне кедергі жасау да тиімді емес», – дейді жобалық команда мүшесі.
Сонымен қатар, зерттеуге сәйкес, көптеген заманауи ер адамдар өз әкелері сияқты болғысы келмейді. Олар ата-ана ретінде жақындарымен айқайсыз, зорлық-зомбылықсыз, агрессиясыз қарым-қатынас жасауды қалайды.
Жаңа нормаға сұраныс
Зерттеу Орталық Азиядағы ер адамдардың мінез-құлықтың жаңа нормасына сұранысы бар екенін көрсетеді.«Біздің аймақтың бес елі, оның ішінде Қазақстан, демографиялық жағынан өте жас ұлттар болып табылады. Бізде балалар өте көп, 35 жасқа дейінгі жастар көп. Осы жастардың ішінде, әсіресе ер адамдар арасында, отбасыға жоғары құндылық беріледі. 18-20 жастағы ер адамдар үйленіп, өз отбасын құрып, көп балалы болуды қалайды», – деп атап өтті Мәмбетұлы.
Бұл ретте жаңа әлеуметтік норманы қажет ететіндердің пайызын дәл анықтау қиын. Көптеген ер адамдар өздерінің рөлі және оларға әлеуметтік норма қалай қысым жасайтыны туралы ойланбайды.
Зерттеу қорытындысы бойынша, екі шартты полюс байқалады, оларға ер адамдардың шамамен 10-15% жатады. Бір полюсте зорлық-зомбылық пен қатал патриархалдық нормалардың қажеттілігіне сенімді адамдар болса, екіншісіне жеке құндылықтарды, бақытты өмір сүруді, сыртқы әлеуметтік талаптарға сәйкес келмей, тек жеке өмірден қанағат табуды қалайтындар жатады.
Қалған 70-80% сырт көзге патриархалды альфа-еркектер болып көрінеді, бірақ, іс жүзінде олар қарапайым нәрселерді қалайды: бақытты болу, балаларға жақсы үлгі көрсету, әйелдерге жақсы күйеу болу, ата-аналарына жақсы бала болу.
Анықтама
UNFPA – Халық қоры, БҰҰ-ның халық мәселелері бойынша жетекші агенттігі, дамушы елдерге демографиялық мәселелерін шешуге көмектеседі.HeForShe Central Asia – жоба гендерлік теңсіздікті жою мақсатында бүкіл әлемдегі ер адамдар мен ұлдарды әйелдерге қолдау көрсетуге шақырады.
Фото: Freepik, АПН